Ссылки доступа

Минскіде әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсы акцияға шықты


Минск қаласында 13 тамызда таңертең президент сайлауының нәтижесіне наразы халықты қудалауға қарсы акция өтті. Бұл туралы Азаттық радиосының Беларусь қызметі хабарлады.

Ақ көйлек киіп, гүл ұстап шыққан әйелдер Минск қаласының бірнеше көшесінде қол ұстасып тұрды. Олар елдегі зорлық-зомбылыққа қарсы екенін осылай білдірді.

Акцияға қаладағы бірінші аурухананың қызметкерлері қосылды.

Әйелдер акциясының қарсаңында Беларусьтің бірнеше қаласында президент сайлауына қарсы наразылық шаралары өткен.

Минск қаласында 250-ге жуық әйел қол ұстасып тұрып, "Бізге қол көтерме! Біз дауыстардың дұрыс есептелуін ғана қалаймыз!" деп ұрандатты.

Витебск қаласында акцияға қатысқан 15 әйел ұсталса, Могилев қаласында төрт белсенді қамауға алынды. Гомель қаласындағы акцияға 500-ге тарта адам қатысты.

Жексенбіден бері жалғасып жатқан наразылық кезінде биліктің айтуынша, 6 мың адам ұсталған, жүздеген адам жарақаттанған. Кемінде екі адам қаза болған.

Ресми мәліметке сәйкес, президент сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша, қазіргі басшы Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берген, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская он пайыз дауыс алған. Наразылар сайлау нәтижесі бұрмаланды деп есептейді.

XS
SM
MD
LG