Ссылки доступа

Қазақстан 17 елден келетін жолаушылардан ПТР тестін сұрамайды.


Қазақстан халықаралық әуе рейстерімен келетін жолаушыларға ұшып шығу еліне байланысты түрлі талап қойып отыр. Соның ішінде 17 елден келетін жолаушылардан ПТР тесті талап етілмейді. Бұл туралы Қазақстан бас санитарлық дәрігерінің 15 тамыздағы қаулысында жазылған.

Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың "Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы" №48 қаулысында Қазақстанмен халықаралық әуе қатынасы бар елдердің үш санаты көрсетілген.

Бірінші санаттағы елден келетін жолаушыдан ПТР нәтижесі сұралмайды. Бұл санатқа санатқа: ҚХР, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия, Тайланд, Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия, БАӘ, Беларусь, Түркия, Египет, Украина, Нидерланд және Ресей кіреді. Аталмыш 17 елден әуе жолы арқылы келушілер бар болғаны сауалнама толтырып, дене қызуын өлшетеді. Оларға бұдан артық талап қойылмайды.

Екінші санатқа: Польшаның, Өзбекстаның, Тәжікстанның және үшінші санаттағы елдерден келетін эвакуациялық және чартерлік рейстердің жолаушылар кіреді. Олардан сауалнама алынып, дене қызуы өлшенеді және мерзімі бес тәуліктен аспаған ПТР тестінің теріс нәтижесі талап етіледі. ПТР тестінің нәтижесі болмаса, бұл жолаушылар келген жерінде 48 ішінде ПТР тестін тапсыруы қажет немесе 14 күн үй карантинінде болуы шарт.

Үшінші санатқа қалған елдердің бәрі кіреді. Алайда бұл елдермен қазір тұрақты әуе қатынасы жоқ.

Қазақстан үкіметі 13 тамыз күні 17 шілдеден бастап карантин шектеулері жеңілдейді деп мәлімдеген. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты екінші рет енгізілген карантин 5 шілдеде басталған. Әуелі екі аптаға жарияланған шектеулер екі рет ұзартылды.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиялық ахуал тұрақтады деп отыр. Алайда кейінгі күндері Covid пен коронавирустық пневмония кейінгі бес тәулікте тұрақты түрде күн сайын мыңнан астам адамнан анықталып отыр. Кеше, 15 тамыз күні Covid пен коронавирустық пневмония 1380 адамнан табылған, 25 адам қайтыс болған.

Қазақстан коронавирус жұқтырғандардың ұлттық статистикасын тек ПТР тестінің оң нәтижесіне сүйеніп жүргізіп отыр. Эпидемия басталғалы ПТР тесті 102 696 адамның инфекция жұқтырғанын көрсетті. Олардың ішінде 1397 адам дерттен айыға алмастан қайтыс болған. Сондай-ақ коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның бөлек тізімі бар.

Үкімет 1 тамыздан бастап ПТР тесті теріс нәтиже берген бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония науқастарының санағын жүргізіп келеді. 1-15 тамыз аралығында пневмонияның бұл түріне 18 465 адам шалдығып, 216 адам қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG