Ссылки доступа

Ташкент шетел компаниясына өзбек мақтасына бойкоттан бас тартуы үшін жарты миллион доллар төледі


Өзбекстанның экспортты арттыру агенттігі Cotton Campaign ("Мақта науқаны") коалициясының өзбек мақтасына жариялаған бойкотын тоқтату үшін арнайы PR-компания жалдады.

Өзбек үкіметі және кеңсесі Вашингтонда орналасқан Xenophon Strategies PR-компаниясы 2020 жылдың 14 сәуірінде келісімге отырған. Азаттық радиосының Өзбек редакциясы ұжат көшірмесімен танысты. Келісімге сәйкес, өзбек тарапы америкалық компания қызметі үшін 585 мың доллар төлейді.

Құжатқа агенттік директоры Ұлықбек Муродов пен Xenophon Strategies өкілі Дэвид Фискус (David Fiscus) қол қойған. PR-компания Cotton Campaign boycott акциясын тоқтату мақсатында "ақпараттық қолдау қызметін" ұсынады.

Құжатқа сәйкес, қызмет ақысының көп бөлігі америкалық компанияға төленген.

Тамыздың басында Foreign Lobby Report басылымы Өзбекстан имиджін көтеру мақсатында лоббистік компанияға ақша төлегенін хабарлаған.

Басылым авторитарлы мемлекеттердің қоғам көзқарасына әсер етуге талпынысын әшкерелеумен айналысады. Foreign Lobby Report басылымының хабарлауынша, Өзбекстан бұл PR-компанияның шетелдегі алғашқы тұтынушысы атанды.

2012 жылы қара жұмысқа мәжбүрлеу мен бала еңбегіне қарсы күресетін бірқатар халықаралық ұйым өзбек мақтасына бойкот жариялады. 2013 жылы қазанда Өзбекстан мақтасынан бас тартқан әлем брендтері 136-ға жетті.

Шавкат Мирзияев билікке келген соң үкімет өзбек мақтасына бойкотты тоқтатуда күш салды. Ресми Ташкент Cotton Campaign коалициясының өкілдерімен бірнеше мәрте кездескен, бірақ әлі күнге дейін бойкотты тоқтата алмай отыр.

XS
SM
MD
LG