Ссылки доступа

Сирия-Түркия шекарасындағы босқындар лагерінде тәжік азаматы қайтыс болды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Сирия-Түркия шекарасындағы Ар-Рож босқындар лагерінде жарылыстан 31 жастағы тәжік әйелі қайтыс болды.

Ресми мәлімет бойынша, 31 жастағы Наргис Жураева 1 тамызда тұрмыстық газ жарылып, күйіктен қайтыс болған. Бірақ лагердегі өзге әйелдер оның соңғы кезде депрессияға түсіп кеткенін, өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін жеткізген.

"Наргистің балалары жоқ. Соңғы кезде ол қатты депрессияға түсіп кетті. Шындығында өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін" деді босқындар лагеріндегі келіншектің бірі Азаттықтың тәжік қызметіне берген сұқбатында.

Оның сөзінше, Ар-Рождағы жағдай өте нашар.

Кувейт және Ирактағы Тәжікстан елшісі Зубайдулло Зубайдзода 17 тамызда Наргис Жураева тамақ пісіріп жатқан кезде, газ жарылды деп мәлімдеді.

Елшінің айтуынша, қазір коронавирус пандемиясы тұсында тәжік азаматтарын қайтару мүмкін емес. Бірақ шекаралар ашылғаннан кейін әйелдер мен балаларды қайтару мүмкіндігі барын жеткізді.

Қазір Ар-Рож босқындар лагерінде тәжікстандық 7 әйел мен 17 бала бар. Негізінен тәжік әйелдері мен балалардың дені Әл-Хол лагерінде тұрып жатыр. Бұл лагерлерге қазір БҰҰ гуманитарлық көмек жеткізіп отыр.

Бірнеше жыл бұрын шамамен 1,9 мың тәжік азаматы Сирия және Ирактағы "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік тобына қосылу үшін отбасымен елін тастап кеткен.

Былтыр сәуір айында Бағдадтан арнайы рейспен Душанбеге 84 бала жеткізілген. Олардың әкелері ИМ тобында соғысқан.


XS
SM
MD
LG