Ссылки доступа

Тәжікстанда "Мұсылман ағайындар" ұйымының 20 жақтасына үкім шықты


Соғды облыстық соты "Мұсылман ағайындар" ұйымының 20 жақтасына үкім шығарды.

Сотталғандар арасында Исфара әкімдігі аппаратының бұрынғы атқарушы басшысы бар. Әрқайсысы 5 жылдан 7 жылға дейін жазасын өтейді. Туыстары сот үкімімен келіспейтінін, қайта шағым беретінін жеткізді.

Судья Анваржон Абдугаффори үкімнің өткен аптада шыққанан айтты. Іс туралы толық мағлұмат үкім күшіне енгеннен кейін барып айтылатынын жеткізді.

20 айыпталушыға қатысты сот процесі Худжандтағы тергеу абақтысында болды. Сотталғандар кінәсін мойындады ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ туыстарының бірі үкіммен келіспейтінін жеткізді.

"Олардың бәрі – жоғары білімді азаматтар. Діни-экстремистік ұйымдарға мүше болды деп айыптау қисынсыз",- деді ол.

Әзірге сотталғандардың аты-жөні жарияланбады.

Бас прокуратура мәліметінше, діни-экстремистік ұйымға мүше деген күдікпен бас-аяғы 113 адам ұсталған. "Олардың мақсаты - Тәжікстанда ислам мемлекетін орнату. Күдіктілер арасында әртүрлі мамандық иелері бар, студенттерден мемлекеттік қызметкерлерге дейін" деген еді бас прокурор.

Өткен айда бас прокурор Юсуф Рахмон Жоғарғы соттың "Мұсылман ағайындар" ұйымының 132 мүшесінің ісін қарап жатқанын айтқан.

Бұдан бөлек аталған ұйымға мүше деп тағы 72 адамға халықаралық іздеу жарияланған.

"Мұсылман ағайындар" – XX ғасырдың бірінші жартысында Египетте құрылған діни-саяси ұйым. Бірқатар мемлекеттер мұны террористік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Соның ішінде Тәжікстан да бар.

XS
SM
MD
LG