Ссылки доступа

HRW: Қазақстан COVID-19 эпидемиясы тұсында халыққа көмек көрсетуді кеңейту керек


Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан үкіметін COVID-19 пандемиясы тұсында зардап шеккен халыққа экономикалық көмекті "кеңейтуге және ұзартуға" шақырды.

Ұйымның 18 тамызда жариялаған есебінде пандемия Қазақстандағы теңсіздікті ұлғайтып, әлеуметтік қорғаудағы ұлттық жүйенің әлсіз тұстарын ашып көрсетті делінген.

Қазақстан — пандемия кезінде халқына қаржылай көмек көрсетіп жатқан Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Бірақ HRW эпидемия басталғалы халықтың көбі кедейшілікке ұшырап жатыр деп есептейді.

Қазақстанда наурыз айында COVID-19 вирусы анықталғаны жөнінде алғашқы мәлімдемеден кейін, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесіне, орта және шағын бизнесті қорғау мақсатында және экономикалық тұрғыдан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ұлттық қордан 10 миллиард доллар бөлінетінін хабарлаған.

Билік сонымен бірге тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратты. Коммуналдық төлемдерді өтеді.

Пандемия кезінде жұмысынан айырылған адам алты айға дейін мемлекеттен көмек алу үшін өтініш бере алады. Мемлекет алып келген айлығының 40 процентіне дейін төлейді.

Осыдан кейін олар атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады. Дегенмен HRW бірқатар зерттеулер нәтижесін есепке ала отырып, беріліп жатқан көмектің жеткіліксіз екенін алға тартады.

Бұдан бөлек несие бойынша үш айға дейін жеңілдік жасау мерзімі маусым айында аяқталды.

Үкімет табысынан айырылғандар үшін ай сайын 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек тағайындаған. Бірақ бұл 16 тамыздан кейін жүзеге асады ма, жоқ па, белгісіз, себебі елде 17 тамыздан бері карантин шаралары жеңілдетілді. "Бұл тиімділікті бәсеңдетеді, оның үстіне экономикалық проблемалар мен кедейшіліктің алдын алу бағдарламасы шектеулі",- делінген HRW баяндамасында.

Оның үстіне 2018 жылдың қазан айында жүргізілген зерттеу нәтижесі 18 миллион халықтың төрттен бір бөлігі кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқанын көрсеткен.

Пандемия кезінде мұнайдан түсетін табыстың азаюы жағдайды одан сайын қиындатады деп болжайды. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, Қазақстанда кедейшілік деңгейі 2020 жылы 8,3 проценттен 12,7 процентке өсуі мүмкін. 800 000 адам кедейшіліктен зардап шегеді делінген.

HRW үкімет халықтың осал тобын экономикалық тұрғыдан қорғау үшін бюджет қорын пайдалануға кеңес береді.

Маусым айында Азия даму банкі Қазақстанға миллиард доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетуді мақұлдаған.

"Үкімет тездетіп, дағдарысқа қарсы бағдарламаны кеңейту керек", - деп мәлімдеді HRW кедейшілік және теңсіздік бойынша аға зерттеушісі Лена Симет.

Қазақстанда 18 тамыздағы көрсеткіш бойынша, 103,3 адамнан коронавирус анықталған, 1 415 науқас қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG