Ссылки доступа

Түркіменстанда бюджет қызметкерлеріне 700 доллар тұратын смарт-телевизор сатып алуға мәжбүрлеп жатыр


Түркіменстан билігі бюджет қызметкерлеріне елінде шығарылатын телевизорларды сатып алуға мәжбүрлеп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың түркімен қызметі.

"Фарапта бюджет қызметкерлері жергілікті кәсіпорын шығаратын смарт-телевизорларды сатып алу жөнінде тапсырма алған. Көлемі 32-дюйм "Толкун" телевизорының құны 2400 манат (686 доллар) тұрады", – дейді Азаттықтың Лебап облысындағы тілшісі.

Жергілікті билік телевизор құнын ай сайын еңбекақыдан 500 манаттан (143 доллар) ұстап отырамыз деген. Бірақ телевизор тек 2021 жылдың қаңтар айында ғана қолға берілетінін айтқан.

Түркіменстанның өзге аймақтарының бюджет қызметкерлеріне де дәл осындай нұсқау түскен екен. Көбі қарсылық білдірсек, жұмыстан шығып қаламыз деген үреймен, телевизорды сатып алуға келісімін берген.

2018 жылдың жазында Түркіменстан үкіметі компьютер шығаратын кәсіпорын ашқанын мәлімдеген. Тіптен осы уақытқа дейін 100 мың компьютер шығарғанын, енді "Айдын Гиджелери" кәсіпорны ноутбук пен планшеттер шығаруға көшкенін айтқан.

Сарапшылар интернет байланысының нашарлығынан смарт-телевизорлар жергілікті тұрғындар үшін тиімсіз дейді.

Азаттықтың түркімен қызметі елде экономикалық дағдарыс жалғасып жатқанын, нан алу үшін, банкоматтан ақша алу үшін ұзын-сонар кезектің жалғасып жатқанын еске салады.

XS
SM
MD
LG