Ссылки доступа

Журналист Бобомурод Абдуллаевтың адвокаты қырғыз бас прокурорына үндеу жолдады


Бішкекте ұсталған өзбек журналисі Бобомурод Абдуллаевтың адвокаты Қырғызстанның бас прокуратурасына үндеу жолдап, Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің іс-әрекетіне шағымданды.

Журналистің адвокаты Тимур Султанов бір апта бойы Бобомурод Абдуллаевпен кездесе алмай жүргенін айтады.

Оның сөзінше, арнайы қызмет өкілдері коронавирус пандемиясына байланысты карантинді себеп етіп отыр.

Осының алдында Бобомурод Абдуллаевтың әйелі Кутликиз Балхибаева қырғыз билігі күйеуін құпия түрде Өзбекстанға экстрадициялап жіберуі мүмкін деген күдігін айтқан.

Журналист 9 тамызда Бішкек кафелерінің бірінде отырған жерінен арнайы қызмет тарабынан ұсталған. Қырғызстанның арнайы қызметі Бобомурод Абдуллаевты Минск конвенциясына сәйкес өзбек тарабының сұрауы бойынша ұстағанын мәлімдеді.

10 тамызда 1-май аудандық соты Абдуллаевты 8 қыркүйекке дейін абақтыда ұстау туралы шешім шығарды.

Еске салайық, журналист Бобомурод Абдуллаевқа "Өзбекстан президентіне тіл тигізді", "Өзбекстанның конституциялық құрылымына нұқсан келтірді" деген айыптар тағылған.

Өзбекстанның күш құрылымдары Абдуллаевты Facebook пен Telegram'да "Қора мерган" деген лақап атпен жариялаған материалдардың авторы деп есептейді. Бұл материалдарда өзбек билігіне сын айтылған.

Абдуллаев Қырғызстанға биыл ақпан айында Орталық Азия америкалық университетінің шақыртуымен келген. Алайда төрт айлық оқу аяқталған соң ол Еуропаға кете алмай қалғады - бұл уақытта карантин басталған еді.

XS
SM
MD
LG