Ссылки доступа

Кремль Навальныйдың ауруханаға түскеніне пікір білдірді


Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Алексей Навальныйдың ауруханаға түскенінен хабардар екенін, оның тез сауығып кетуін тілейтінін жеткізді.

Песков егер жақындары көмек сұрайтын болса, Навальныйды шетелге емдетуге көмектесетінін айтты. Ол қазір Навальныйға көмектесу үшін мықты дәрігерлер тартылғанын атап өтті. Песков егер Навальныйдың уланғаны расталатын болса, тергеу жүргізіледі деді.

Ресейдегі жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ессіз күйде Омбыдағы ауруханалардың біріне жеткізілді. Бұл туралы қордың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда бейсенбі күні таңертең Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Навальныйдың жағдайы ұшақта нашарлаған. Осыған байланысты ұшақ шұғыл түрде Омбыға қонған, сол жерде оппозициялық саясаткерге жедел жәрдем көлігі шақыртылған.

Навальныйдың жанында болған Ярмыштың айтуынша, дәрігерлер оның улануы мүмкін екенін айтқан. Ярмыштың сөзіне қарағанда Навальный таңертеңнен бері шәйден басқа ешнәрсе ішпеген, сондықтан егер қастандық жасалса, әлдекімдер оның "шәйіне бірнәрсе қосып берген болуы мүмкін".

ТАСС агенттігі құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сүйене отырып, Навальныйдың улануы болжамы әзірге қарастырылып жатқан жоқ деп хабарлайды. "Ол өздігенен бірнәрсе ішіп, не қабылдауы мүмкін" деген.

Ярмыштың хабарлауынша, бас дәрігермен сөйлескеннен кейін Навальныйдың әйелі Юлияны палатаға кіргізген. Бірақ дәрігерлер оны басқа ауруханаға ауыстыруға мүмкін беретіндей, ешқандай құжат ұсынбаған.

XS
SM
MD
LG