Ссылки доступа

Беларусьте "билікті тартып алуға үндеу" ісі бойынша Нобель лауреаты Светлана Алексиевич тергеуге шақырылды


Беларусьтің тергеу комитеті билікті басып алуға үндеді деп Үйлестіру кеңесіне қарсы қозғалған қылмыстық іске байланысты куәгер ретінде Нобель сыйлығының иегері, жазушы Светлана Алексиевичті тергеуге шақырды.

Ол 26 тамызда тергеу комитетінде болуы тиіс. Осылай деп Виктор Бабарико штабының баспасөз қызметі хабарлады.

Светлана Алексиевич – Үйлестіру кеңесі мүшелерінің бірі. Мария Колесникованың сөзінше, жазушы денсаулығына байланысты президиум жиналысына қатыса алмайды. Бірақ белсенділермен үнемі байланыста.

Президиумның өзге мүшелері Максим Знак пен Сергей Дилевский тергеуге шақырылған. 25 тамызда Купалов театрының экс-директоры Павел Латушко да тергеу комитетінде болуы тиіс.

24 тамызда Минск трактор зауытының алдында арнайы жасақ оппозициялық үйлестіру кеңесінің мүшелері Ольга Ковалькова мен Сергей Дылевскийді ұстады.

"Белсаттың" жазуынша, оларға "рұқсат етілмеген шара ұйымдастырды" деген айып тағылған.

Үйлестіру кеңесі өкілдерінің мәліметінше, Ковалькова мен Дылевскийді әкімшілік іс аясында ұстаған, оларға айыппұл салынуы мүмкін. Екі белсендіні арнайы жасақ дүйсенбі күні таңертең автозакқа отырғызып алып кеткен.

"Беларуськалий" ереуілшілер комитетінің тең төрағасы Анатолий Бокун да ұсталып, оған заңсыз митингіге қатысты деп айыппұл төлеп, босатты деп хабарлайды TUT.BY.

Беларусь бас прокуратурасы 20 тамызда "Билікті тартып алу" бабы бойынша Үлйестіру кеңесін құрушыларға қарсы қылмыстық іс қозғады.

Беларусь оппозициясы бұған дейін билікті бейбіт ауыстыру жөніндегі үйлестіру кеңесін құрғанын хабарлаған болатын. Бұл орган президент сайлауына қатысқан оппозиция кандидаты Светлана Тихановсканың бастамасымен құрылған деп айтылады.

Беларусьте 9 тамыздан бері Александр Лукашенконың отставкасы және саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық шаралары жалғасып жатыр.

Жексенбі күні елде "Жаңа Беларусь маршы" өтіп, Минскідегі акцияға кемінде 200 мың адам қатысты.

Қазіргі президент Лукашенко Үйлестіру кеңесінің құрылуын – "билікті тартып алу әрекеті" деп атаған. "Бұл ширма. Егер оған қарасаң, не болып жатқанын көресіңдер. <...> Онда бұрынғы билік дәлізінде жүріп, ренжіп кеткендер бар. Олар ашық нацистер" деген Лукашенко.

XS
SM
MD
LG