Ссылки доступа

Өзбектің Сох эксклавында жергілікті тұрғындарды тұтқындай бастады: оларға жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып тағылды


Өзбекстанның Ферғана облысы Сох ауданының бес тұрғыны үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оларға биыл 31 мамырда өзбек-қырғыз шекарасындағы жанжалға қатысты деген айып тағылды.

Ферғана облысы әкімшілігінің баспасөз хатшысы Мұхаммаджон Абидовтың айтуынша, олар алдын ала тергеу біткенше қамауда отырады.

Сох ауданының он шақты тұрғынының айтуынша, 22, 23 және 24 тамыз күндері эксклавтың бірнеше ауылында 12 адам ұсталған.

– Менің туысым Дадахон Хайдаровты 22 тамызда таңертең алып кетті. Ол - блогер, YouTube сервисінде арнасы бар. Ол премьер-министр Ариповпен кездесу кезінде өз пікірін айтты. Өткен сенбіде біздің ауданның 3-4 ауылынан он екі адамды ұстады. Бұған қоса, жексенбі және дүйсенбіде аудан үстінен қара тікұшақ 3-4 мәрте ұшып өтті. Біздің жігіттерді біртіндеп ұстап жатыр. Тұрғындар алаңдап отыр, – деді Сох ауданының бір тұрғыны.

Бұл уақытта, Сох ауданының тағы бір белсендісі Назиржон Жураевтың да ұсталғаны туралы ақпарат түсті. Ол да өзбек шенеуніктерімен келіссөздерге белсенді түрде қатысқан.

– 22 тамызда "Равон", "Мулгон", "Кызылкия", "Хушёр" және "Чункара" ауылдарынан бірнеше ұстағанын білемін. Олардың арасында Назиржон Жураев, Махсуд есімді тағы бір жігіт бар. Ферғана басшысы: "Бүгін бір оңбаған арқамнан таспен атты" дегенде, оған бір жігіт: "Вазелин жағып қойсаңыз, тез жазырады" деп жауап берген. Оны да ұстап әкетті. Ферғанаға жігіттерді тікұшақпен әкетіп жатыр. Оларды босатқаны туралы мәлімет жоқ, – деді Сох ауданының бір тұрғыны.

24 тамызда Сох ауданының прокуратурасы он екі тұрғын ұсталғанын растады. Ферғана облысы әкімшілігінің баспасөз хатшысы Мұхаммаджон Абидов бес тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG