Ссылки доступа

Мемлекеттік думада Навальный ісінде шетелдік арандату бар екені айтылды


Ресей Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин
Ресей Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин

Ресей Мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин Қауіпсіздік және коррупцияға қарсы күрес бойынша парламенттік комитетке оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға қатысты болған оқиғаны тексеруді тапсырды.

"Ресейдің ішінде азаматтарды әбігерге түсіру үшін және бізді кезекті рет қаралау мақсатында басқа мемлекеттер тарабынан орыс азаматының денсаулығына зиян келтіру әрекеті болу-болмағанын анықтау үшін бұл жағдайды тексеру керек", - деді Володин.

Осыған дейін Германия канцлері Ангела Меркель мен Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі Жозеф Боррель орыс билігін Навальныйдың улануы бойынша ашық тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырған.

Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Навальныйдың нақты қандай затпен уланғаны анықталмағанын, әзірге бұл істі тергеуге алуға негіз жоқ екенін мәлімдеген. Ол Ресей билігіне қарсы айыптауларды теріске шығарды.

Ресей президенті Владимир Путиннің қарсыласы, жемқорлыққа қарсы науқан жүргізген 44 жастағы Алексей Навальный 20 тамызда Томскіден Мәскеуге бара жатқан ұшақтың ішінде есінен талып, артынан комаға түскен.

Навальный ұшаққа отырмас бұрын Томск әуежайында бір кесе қара шай ішкен. Оның жақтастары сол шайға у қосылған деп санайды. Ал оны Омбыда емдеген дәрігерлер бұған дейін зат алмасу процесінің бұзылғанын, ағзасынан қауіпті зат табылмады деп хабарлаған болатын.

24 тамызда Навальныйды емдеп жатқан Берлиндегі “Шарите” ауруханасы саясаткердің ағзасынан ингибитор холинэстераз тобына жататын улы заттар табылғанын хабарлаған болатын. Бұл топқа “Новичок” уы да кіреді, 2018 жылы Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль да дәл осы заттан уланған болатын.

XS
SM
MD
LG