Ссылки доступа

Өзбек премьері Қырғызстанмен қарым-қатынас "түбегейлі өзгергенін" мәлімдеді


Қырғызстан вице-премьер-министрі Акрам Мадумаров жұмыс бабымен Ташкентке барып, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповпен кездесті. Жүздесуде екі елдің қарым-қатынасы талқыланды, деп хабарлады қырғыз үкіметінің баспасөз қызметі.

Ресми ақпарат бойынша, Арипов екі ел әріптестігі бірнеше бағытта дамығанын айтқан. Премьердің мәлімдеуінше, екі мемлекет басшыларының "саяси жігерінің" арқасында, соңғы кездері екі ел қарым-қатынасы "түбегейлі өзгерді".

"Барлық салада диалог орнады. Екі ел арасында тауар айналымы әлдеқайда өсті, инвестиция саласындағы әріптестік кеңейді, мәдени байланыстар нығайды", - деп мәлімдеді Арипов.

Акрам Мадумаров болса Қырғызстан көрші елмен әріптестікке үлкен мән берілетінін мәлімдеді.

Бақылаушылардың айтуынша, 2016 жылы күзде Өзбекстан президенті қызметіне Шавкат Мирзияев кіріскелі бері Қырғызстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы жақсарып келеді. Көрші елдер шекарадағы бөгеттерді шешіп, саяси байланысын нығайтты, тауар айналымын арттырды. Бұған қоса, Бішкек пен Ташкент шекара мәселесін шешуге ынталы. Екі ел арасындағы шекараның бес пайызының ғана мәртебесі анықталмаған.

XS
SM
MD
LG