Ссылки доступа

Өзбекстан президенті 113 сотталушыға рақымшылық жасады


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Тәуелсіздік күні қарсаңында түрмедегі 113 адамға рақымшылық жасады. Олардың арасында діни және саяси іспен сотталған төрт адам бар.

"Ваххабизм" ағымына қатысы бар деген айыппен сотталған бұрынғы имам Рухиддин Фахриддинов, "Салафизм" ағымына қатысы бар деген айыппен сотталған Искандар Худойберганов, Өзбекстанның конституциялық құрылымына нұқсан келтіруге тырысты деген айыппен істі болған жас ғалым Акром Маликов, солармен бірге Республикалық сот-медицина орталығының бұрынғы қызметкері Рустам Абдуманнопов жаза мерзімінен бұрын еркіндікке шықты.

Сотталғандардың туыстары мен адвокаттары рақымшылық туралы хабарды 26 тамызда ғана естіген.

"Эзгулик" адам құқықтарын қорғау ұйымының жетекшісі Абдурахман Ташановтың айтуынша, 27 тамызда таңертең Ташкент облысы Пскент ауданында орналасқан 64/50 түрмеге журналистер де келген.

– "Өзбекстан 24" телеарнасының тілшілері болды. Олар бостандыққа шыққан төртеуден, олардың туыстарынан сұхбат алды. Арнайы репортаж кешке эфирге шығады. Колония басшысының айтуынша, олар президенттің рақымшылық туралы жарлығы негізінде босатылды, – деді Абдурахман Ташанов.

Рухиддин Фахриддинов түрмеде 15 жыл отырды. Оның жаза мерзімі екі жыл үш айдан соң бітуі тиіс еді.

– Оған президенттен рақымшылық сұраған хат жаздырып алған, - деді бұрынғы имамның туыстары.

"Эзгулик" ұйымы жетекшісінің айтуынша, уақытынан бұрын бостандыққа шыққандар жалақысының 20 пайызын ай сайын мемлекетке беріп тұруы тиіс.

XS
SM
MD
LG