Ссылки доступа

Ресей Орынборда мигранттардың соққыға жығылғанына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартты (видео)


Ресейдің Орынбор облысы бойынша тергеу комитеті шетел азаматтарын уақытша ұстайтын орталықта полицияның мигранттарды ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартты.

25 тамызда Азаптауға қарсы комитет мобилді телефон мен интернет қолдануға тыйымға қарсы шыққан мигранттарды ұрып-соқты деп хабарлаған.

Орынбор облысы бойынша тергеу комитеті бұл іс бойынша тергеуге дейінгі тексеру жүргізілгенін, полиция және күзет қызметкерлерінің іс-әрекетінен қандай да бір қылмыстық белгілер байқалмады деп мәлімдеді.

26 маусымда Азаптауға қарсы комитетке Өзбекстан және Қазақстан азаматтары Зарифжон Мирзоназаров пен Геннадий Тарасов арызданған.

Олардың сөзінше, "Алабайтал" ауылындағы шетел азаматтарын уақытша ұстайтын орталықта мобилді телефон қолданып, интернетке қосылуға тыйым салған.

"Орталық әкімшілігі жанжал тудыратын жағдай жасады. Мигранттарға туыстарымен хабар алып тұруы үшін мобилді телефон мен интернет қажет екенін біле тұра тыйым салды. Бұған қарсылық ретінде мигранттар бақылайтын камераға қағаз жапсырған. Полиция қызметкерлері оларды "тәртіпке шақырамыз" деп, телефондарын алып қойып, соққыға жыққан", - дейді Азаптауға қарсы комитеттің баспасөз хатшысы Иван Жильцов.

Азаттықтың өзбек қызметіне жіберген видеода полиция қызметкерлерінің мигранттардың қолын қайырып, резіңке шоқпармен ұрып жатқанын көруге болады.

Иван Жильцов тергеу комитетінің бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғамау туралы шешіміне қарамастан, біз тиісті мекемелерге хат жазып, тергеу жүргізуін талап ете береміз дейді.

"Алабайтал" ауылындағы мигранттарды уақытша ұстайтын орталық 100 адамға арналған. Онда 70-ге жуық адам жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG