Ссылки доступа

Тәжікстан: Коронавирусты анықтау тесті жеткілікті


Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігі БҰҰ мамандарының COVID-19 вирусына тест тапсыруға материалдар жетіспейді деген пікірін теріске шығарды.

Өткен айда "Response of COVID-19" есебінде тест тапсыру үшін екі маңызды компоненттің жетіспеуінен Тәжікстандағы зертханалар жұмысын тоқтатуы мүмкін екендігі айтылған. Тәжікстанда COVID-19 вирусына сынаманы негізінен СЭС және вирусологиялық зертханалар алады.

Тәжік билігі елде коронавирусты жұқтырушылар саны азайып жатқанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір тәулігіне 30-40 адамнан вирус анықталады.

Республикалық СЭС зертханасының директоры Илхом Ятимов қазір елде COVID-19 вирусына сынама алу үшін материалдар жеткілікті деп мәлімдеді.

"Сынама материалдары жеткілікті. Қазір бізде 110 мың тест бар. Дүйсенбі күні тағы 60 мыңы түседі. Қыркүйек айында Ресейден тағы 110 мың тест жеткізіледі"- деді Илхом Ятимов.

Авиценна ізбасарларының қоғамы жетекшісі Саидджон Нодири 9 млн халқы бар Тәжікстанға күніне 2,5 мың адамнан тест алу жеткіліксіз дейді. Оның айтуынша, кемінде он мың адамнан COVID-19 вирусына сынама алу қажет.

Тәжікстанда ресми мәлімет бойынша, 8516 адамнан вирус анықталып, 7309-і емделіп шыққан. 68 науқас көз жұмған.

БҰҰ мәліметі бойынша, Тәжікстанда әрбір 100 мың адамның 84-інен вирус анықталып жатыр.

XS
SM
MD
LG