Ссылки доступа

Наманган басшысының шешімінен соң "Дамас" автокөлігі бар мыңдаған адам жұмыссыз қалды (видео)


Өзбекстанның Наманган аймағында "Дамас" автокөліктерімен жүруге тыйым салынған.

Наманган тұрғындарының айтуынша, аймақта "Дамас" автокөлігі бар 10 мыңға жуық адам биыл наурыз айынан бері жұмыс істей алмай отыр. Аймақ басшысы аталған автокөлікпен жүруге тыйым салған.

"Дамас" жүргізушілер бір жарым сағат бойы Наманган облысы әкімдігінің алдында тұрды, бірақ олардың шағымын тыңдауға басшылықтан ешкім шықпады. Тұрғындар Өзбекстан үкіметіне видеоүндеу жолдады.

Үндеуде олар құны 50-60 миллион сум (4900-5900 доллар) тұратын "Дамас" автокөлігін GM Uzbekitan автосалонынан алғанын, жұмыс жоқ болғандықтан автонесие үшін миллиондаған айыппұл төлеуге мәжбүр екенін айтты.

"Автобуспен 50-60 жолаушы тасуға болады, ал "Дамаспен" адам тасуға тыйым салынған. Оны бұзғандар 4,5 миллион сум (шамамен 450 доллар) айыппұл төлейді. Олай болса, үкімет бізге жұмыс тауып берсін" делінген видеоүндеуде.

Еске салайық, Наманган облысының басшылығы бұған дейін де аймақта "Дамас" қозғалысын шектеуге тырысқан. Атап айтқанда, 2017 жылы "Дамас" жүргізушілерге айыппұл салынып, қозғалысы тежелген. Наманган билігі бұны автокөліктің "қауіпті" екенімен түсіндірген.

"Онда неге GM компаниясына "Дамас" шығаруға рұқсат берді?" деп сұрайды жергілікті тұрғындар.

Бұл сауалға өзбек шенеуніктері жауап бермей отыр.

XS
SM
MD
LG