Адвокаттың бауыры Жамшед Ёровтың Озоди радиосына 31 тамызда хабарлауынша, түрме басшылығы құқық қорғаушыға бір аптадан бері психологиялық қысым жасап отыр. Бузургмехр бұл туралы туыстарына үш күн бұрын хабарлаған.
"Бузургмехр түрмеде онымен ешкім амандаспайтынын, онымен сөйлеспейтінін айтты. Асханада одан алыс отыруға тырысады. Өйткені онымен араласқандарды 15 күн изоляторға жауып тастауы мүмкін. Бузургмехр жалғыз қалғанын айтты. Оның даусынан бауырымның күйзеліске түскенін байқадым", - деді Жамшед Ёров.
Тәжікстанның жазаны атқару басқармасы басшысының орындасары Илхом Махмудов адвокат шағымын жоққа шығарды. "Өтірік. Бізге сотталғандардың бәрі бірдей", - деді ол.
Жамшед Ёровтың айтуынша, түрме билігінің қысымы туралы басқа да жазасын өтеушілер хабарлаған. Олардың шағымын тексеру мүмкін емес, өйткені жабық мекемеге ешкімді кіргізбейді.
Бузургмехр Ёров 2015 жылы қыркүйекте алаяқтық жасады, жалған құжат жасады деген айыптармен ұсталды. 2017 жылы тәжік соты оны 28 жылға соттады. Өткен жылы қарашада рақымшылық туралы заңмен Бузургмехр Ёровтың жаза мерзімі 6 жылға қысқарды.
Бузургмехр Ёров істің саяси астары барын мәлімдеген. Адвокат елде тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясының қудалауға ұшыраған белсенділерін сотта қорғаған.
Батыс елдері және адам құқықтарын қорғау ұйымдары тәжік билігінен Бузургмехр Ёровты босатуды талап еткен.