39 жастағы Бахтиёр Абдусамадов 2009 жылдан бері шетел азаматтарының шекараны заңсыз кесіп өтуіне көмектесті деген айыппен 16 жылға сотталып, түрмеде отыр. Рақымшылық жарияланғанда, оның мерзімі 4 жылға қысқарған. Ал Дангара-Душанбе тас жолында велотуристерге шабуыл жасауды ұйымдастырды деген Хусейн Абдусамадов өмір бойы түрме жазасына кесіліп, абақтыдағы бүлік кезінде қайтыс болған.
Екінші қозғалған қылмыстық іс бойынша Бахтиёр Абдусамадов Вахдат түрмесіндегі бүлікті ұйымдастырды деп айыпталды.
Оның туыстары Бахтиёр Абдусамадовтың Жоғарғы соттың шешімімен келіспейтінін жеткізді.
"Түрмеде бүлік болған кезде, Бахтиёр абақты ауруханасында жатқан. Оның бүлікті ұйымдастыруы мүмкін емес", - дейді анасы Гулчехра Шодмонова.
2019 жылдың мамыр айында Вахдат түрмесінде бүлік шығып, 32 адам қайтыс болған. Арасында абақтының үш күзетшісі де бар.
Былтыр жылдың аяғында Вахдат абақтысында "терроризм, экстремизм, адам өлтіру" баптары бойынша сотталып, жазаларын өтеп жатқан 28 сотталушыға бүлікке байланысты 19 жылдан 29 жылға дейін жаза кесілген.
Ал Бахтиёр Абдусамадовтың ісі "жихадқа шақырды" деген бап бойынша бөлек тергеуге алынған.
Бахтиёр Абдусамадовтың анасы Гулчехра Шодмонова ұлымен жақында кездескенін айтты. "Ол жылап тұрып, бүлікке еш қатысы жоқ екенін айтты. Қазір оның денсаулығы нашар, құрт ауруымен ауырады", - деді анасы.