Ссылки доступа

"Халықтан қарғыс еститін жағдайға жеттік". "Сөз бостандығы шектелген" журналист Qazaqstan арнасынан кетті


Журналист Ербол Мандибек. Из личного архива журналиста.

34 жастағы журналист Ербол Мәндібек мемлекет иелігіндегі Qazaqstan ұлттық телеарнасынан "өз еркімен қызметтен кетті”. Он жылдан аса президент пулында хабар таратып, кейінгі үш жылдай уақыт арнайы тілші болған Мәндібек қазір телеарна басшылығы мен оның редакциялық саясатын сынаушыға айналды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев, бизнесмен Болат Өтемұратов бастаған миллиардерлердің байлығы мен "деміккен" халықтың дәрі-дәрмекке зәрулігі, "жүйеге сынбаған" Мұхтар Жәкішевті энергетика министрі етіп тағайындау ұсынысы, үкіметті ашықтыққа үндеуі, азаматтардың зейнетақы шотындағы жинағының азаюы – әлеуметтік желідегі парақшасына қарап, Ербол Мәндібекті билік саясатын насихаттайтын мемлекеттік арна тілшісіне ұқсату қиын. Сыни жазбалары жиілеген тұста журналист телеарнадан кетті. Ақпарат министрлігі "тілшінің өз еркімен жұмыстан кету туралы өтінішінен кейін екі жақты келісім-шарт тоқтатылды" деп хабарлады. Тілшінің өзі "жұмыстан кетпес бұрын жазбалары үшін ескерту алғанын" айтады.

Журналист Ербол Мәндібек Азаттыққа берген сұхбатында Qazaqstan телеарнасы өз тілшілерінің сөз бостандығын қалай шектеп отырғаны, редакциялық саясатқа Ақорда мен ақпарат министрлігінің қалай араласатыны, митингілер кезінде арна тілшілеріне қандай тапсырма берілетіні туралы айтып берді.

"Бір ауыз сөзбен айтқанда, шыдам таусылды. Бұдан әрі мұндай арсыздыққа, мұндай бетсіздікке бара алмайды екенмін. Qazaqstan арнасында үш жарым жылдан астам уақыт істедім. Ол жерде халықтың мәселесі бірінші кезекте көрсетілмейді, билік тапсырмасы орындалады, яғни әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға басымдық беріледі" деді журналист.

"Телеарна ішіндегі жиналыстарда басшылыққа: "Құр қарап отырмай, ашылайық, көрсетейік, жазайық" деп айттым. Мысалы, ашынған көп балалы аналар көшеге шықты. Әкімшіліктің, министрліктің, тіпті Ақорданың алдына дейін барды. Сол жөнінде біз "Бұл мәселе не үшін туып жатыр?" деген сұраққа ашық жауап іздеген жоқпыз. Тек ақпарат министрлігінен "митингілерді түсіріңдер" деген тапсырма келеді. "Арандатушы адамдарды аңдып, ондай адамдар болса, соларды түсіріңдер" дейді. Президент сайлауынан кейінгі көтерілістерді, көп балалы әйелдер митингілерін микрофонсыз, белгісіз ақпарат құралы ретінде түсіріп қайтасың. Мысалы, өзім көп балалы әйелдер Ақорда алдына барғанда оларды видеоға түсірдім. Бірақ ол еш жерде жарияланбады".

Журналист сұқбатының толық нұсқасын көріңіз.

XS
SM
MD
LG