Ссылки доступа

Тәжікстанда тыйым салынған "Группа 24" Ресейде ұйым белсендісі ұсталғанын хабарлады


Тәжікстанда тыйым салынған "Группа 24" ұйымның бір белсендісі Ресейде ұсталғанын хабарлады: Шобуддин Бадалов 1 қыркүйекте Нижний Новгород қаласында тұтқындалған.

"Группа 24" өкілдерінің айтуынша, "ішкі істер қызметкеріміз деп танысқан бірнеше адам оны алып кеткен, Бадаловтың қайда екені белгісіз".

Ұйым Шобуддин Бадаловтың тұтқындалуын оның саяси қызметімен байланыстырып, бұған тәжік билігінің қатысы барын мәлімдеді.

Тәжікстан мен Ресейдің ресми құрылымдары Бадаловтың ұсталуына қатысты пікір білдірмеді. Оның не себепті ұсталғаны хабарланбады.

Бадаловты Ресейде бұған дейін де бір мәрте тұтқындаған. Биыл маусым айында тәжік президенті Эмомали Рахмонның Мәскеуге сапары кезінде Шобуддин Бадалов пен Рахматжон Мұхаммад пикет өткізген. Ресейдің құқық қорғау органдары "Группа 24" ұйымының екі белсендісін 15 тәулікке қамаған.

2012 жылы қуғынға ұшыраған кәсіпкер Умарәлі Кувватов құрған "Группа 24" ұйымын 2014 жылы Тәжікстанның Жоғарғы соты экстремистік деп танып, оның қызметіне тыйым салды. Топты қолдаған ондаған адам ұсталып, Тәжікстанның, Ресейдің және басқа да елдердің түрмесіне түсті. Кувватовты 2015 жылы Стамбулда өлтіріп кетті.

XS
SM
MD
LG