Ссылки доступа

Минскіде наразылық акцияларында ұсталған журналистерді соттап жатыр


Беларусь милициясының хабарлауынша, тілшілерді "қоғамдық шара өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзғаны" үшін соттайды.

Минск қаласында наразылық акцияларынан хабар тарату кезінде ұсталған журналистерді 2 қыркүйекте соттайды.

TUT.BY журналистері Надежда Калинина мен Алексей Судников, "Комсомольская правда: Беларусь" журналистері ​Сергей Щеголев, Никита Дуболеко және Мария Элешевич, сонымен бірге БелаПАН тілшісі Андрей Шавлюго қазір ішкі істер басқармасында отыр.

TUT.BY басылымының хабарлауынша, Октябрь аудандық ішкі істер ғимаратына журналистерді қолдаушылар жиналып жатыр. Әріптестерін қолдаған кейбір журналист осында түнеді. Мұнда қырық шақты адам жиналды.

Беларусь журналистер қауымдастығы ұсталғандарды тез арада босатуды талап етті. "Заң өрескел бұзылды!" деп мәлімдеді ұйым.

Ұсталған журналистердің барлығы Минск қаласында өтіп жатқан наразылық акцияларынан хабар таратып жүрген.

TUT.BY басылымының хабарлауынша, сайлау науқаны басталғалы бері бұл сайттың журналистері он шақты рет ұсталды.

29 тамызда Минск "Настоящее Время" телеарнасының тілшісі Роман Васюковичтің аккредитациясын қайтарып алды. Бұған қоса Азаттық радиосы Беларусь қызметінің, ARD неміс телеарнасының, ВВС, Reuters, AFP, Associated Press және RFi тілшілерінің аккредитациясы тоқтатылды. Бұл құжатсыз тілшілер елде жұмыс істей алмайды.

XS
SM
MD
LG