Ссылки доступа

Навальныйдың улануы алдында түсірген фильмі жарияланды


Коррупциямен күрес қоры Алексей Навальный түсірген «Томск депутаттық мафияның тұтқынында» деген фильмді жариялады.

Навальныйдың бұл зерттеу фильмі "Единая Россия" партиясы депутаттарының Томскідегі коррупциясы жайында айтылған. Навальный жоспары бойынша, бұл фильм 13 қыркүйекте өтетін сайлау алдында жарияланып, сайлаушылардың санасын ояту болған.

Зерттеу фильмінде Томск коммуналдық кәсіпорын басшыларына тиесілі өте қымбат зәулім үйлер көрсетілген.

Кремль сыншысы, Ресейдегі жемқорлықты зерттеп жүрген Алексей Навальный 20 тамызда Омбы қаласының ауруханасына ес-түссіз күйде түскен. Ресей дәрігерлері саясаткердің мұндай халге түсуінің себебін анықтай алмаған. Кейінірек туыстары мен жақтастарының өтініші бойынша саясаткер Берлиндегі "Шарите" ауруханасына ұшақпен жеткізілген.

2 қыркүйекте Германия билігі зертхана мамандарының дерегіне сүйене отырып, Берлиндегі ауруханада ес-түссіз жатқан Алексей Навальныйдың ағзасынан "Новичок" тобына кіретін химиялық улы зат табылды деп мәлімдеді.

Бұдан кейін Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден түсініктеме талап етіп, Канада, Франция, Ұлыбритания және өзге елдер "саясаткерге у беруді" айыптап, оқиғаны ашық зерттеуге шақырған.

Вашингтон Ресейде саясаткердің улануына кінәлілерді жауапкершілікке тартып, қастық әрекеттерін шектеу мәселесін әріптестерімен талқылайтынын жеткізді. Конгресс Трамп әкімшілігін Ресейге санкция салуға шақырды. НАТО да Ресей саясаткердің улану ісін толық әрі ашық зерттеуі тиіс деді.

XS
SM
MD
LG