Ссылки доступа

Қарағанды зауытының жұмысшылары сот шешіміне қарсы шықты (видео)


7 қыркүйекте Қарағанды маңындағы "KAZ Феррит" көмір байыту фабрикасының жүз шақты жұмысшысы кәсіпорын аумағында наразылық шарасын өткізді.

Олар өндіріс цехының бір бөлігін жеке компанияға беру туралы сот шешіміне қарсы. Жұмысшылар онда фабриканың конвейері орналасқан дейді. Наразылардың қолында "Жұмысымызды тартып алмаңыздар!", "Жейтін нанымыздан айырыламыз ба?", "Фабриканың тоқтауына жол бермейміз!" деген жазуы бар плакаттар болды.

- Біз жұмыссыз қаламыз ба деп қорқамыз. Фабриканы жауып тастай ма дейміз. Біздің әрқайсымыздың отбасымыз, бала-шағамыз, несиеміз бар. Жұмысты қайдан табамыз? Фабриканы жабуы мүмкін екенін білген кезде бәріміздің көңіліміз түсіп кетті, - дейді фабрика жұмысшысы Олег Цейтер.

Фабрика директорының сөзіне қарағанда сот шешіміне сәйкес, 9 қыркүйекте нысанға демонтаж жасала бастайды.

- Тұтас фабриканың жұмысы тұралайды, шамамен 500 адам жұмыссыз қалады. Жер қатынастары туралы бөлімнен аумақтың өзге компанияға берілетінін білдік. Арнайы органдар осыған назар аударуы тиіс. Сол себепті билікке осындай өтініш айтып отырмыз. Әу бастан-ақ фабриканың құрылысы осы аумаққа бейімделіп салынған. Бізге осы аумақты қайтарып берулерін сұраймыз, - деді "KAZ Феррит" фабрикасының директоры Иван Назаренко.

"KAZ Феррит" компаниясымен соттасқан "СВХ-Портал" компаниясы жұмысшылардың талаптарымен келіспейтінін жеткізді.

- Біз де жұмыс істегіміз келеді, бізде де жұмысшылар бар, пайда тапқымыз келеді. Жалға алу шарттарын ұсынсақ та, олар келіспей отыр. Сот шешімі шыққаннан кейін жарты жылдан соң сотқа жүгініп отырмыз, қазір сот орындаушылары жұмыс істей бастады. Келіссөз үстеліне отыру керек, - деді Азаттыққа "СВХ-Портал" заңгері Алма Машанова.

Оқиға орнына билік өкілдері мен полиция қызметкерлері келді. Олар оқиғаны бақылап, камераға түсірді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл - бұрын ортақ жобамен жұмыс істеп, кейінірек бөлініп кеткен екі құрылтайшы арасындағы дау. Қарағанды облысының жер қатынастары туралы бөлімі қызметкерлері жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қаралып жатқанын айтты. Олардың айтуынша, тамыз айында жер телімдерін бөлудің заңдылығын қарастыратын су ресурстары жөніндегі комитет тексеріп, заңбұзушылық анықтаған.

"Аталған комитет әкімдік пен жер қатынастары туралы бөлімге жер телімін мемлекет меншігіне қайтарып, заңбұзушылықты жоюды тапсырды" деді әкімдік өкілдері.

2008 жылы құрылған "KAZ Феррит" компаниясы көмірді сатып алу, сақтау және байытумен айналысады. Компания құрылтайшыларының арасында квазимемлекеттік "Самұрық-Қазына" қорына еншілес "Самұрық-Қазына Инвест" компаниясы да бар. Фабрикада Қарағанды, Сарань қалалары және Петровка ауылының тұрғындары жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG