Ссылки доступа

АҚШ Ташкенттен журналист Бобомурод Абдуллаевтың "ісінен" анықтықты талап етті


Өзбекстандық тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаев.
Өзбекстандық тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаев.

АҚШ өткен айда Қырғызстаннан Өзбекстанға экстрадицияланған тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаевтың тағдырына алаңдаушылық білдірді.

6 қыркүйек күнгі мәлімдемесінде АҚШ мемлекеттік департаменті Орталық Азиядағы Америка университетінің (Бішкек) журналистика бағдарламасы бойынша оқу үшін Қырғызстанға барған Абдуллаевтың Ташкентке "өте бұлыңғыр және негізсіз" шешім негізінде экстрадицияланғаны жазылған.

“Өзбекстанға келгеннен кейін Абдуллаев мырза қамаудан қолхатпен босатылып, отбасымен бірге ел астанасынан тыс аумаққа баруына рұқсат етілсе де, оның қазіргі статусы белгісіз. АҚШ Өзбекстан үкіметін оған нақты қандай айып тағылып отырғанын және алдағы уақытта қандай қадамдар жасалатынын анықтап, хабарлауға шақырады” делінген мәлімдемеде.

АҚШ мемлекеттік департаменті Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев пен үкіметті “ақпарат құралдарының өкілдері, оның ішінде Абдуллаев мырзаның да пікір айту құқығын құрметтеп, оның еркін жүруіне мүмкіндік беруге” үндеген. Мәлімдеме авторлары сонымен бірге Қырғызстанда қамауда болған кезде журналистің азаптауға ұшырағаны жайлы ақпаратқа алаңдап отырғанын жеткізген. Олар бұған қоса, халықаралық міндеттемелерді алған қырғыз үкіметінің журналисті Өзбекстан билігінің қолына тапсырғанына өкініш білдірген.

22 тамызда Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Абдуллаев Өзбекстанға "халықаралық заң талаптарына сай" экстрадицияланды деп мәлімдеген еді. МҰҚК Өзбекстан тарапы журналистің қорғалуына барлық жағдайды жасауға, азаптамауға және қорламауға кепілдік берген дейді.

Журналистің адвокаты Сергей Майоровтың айтуынша, Абдуллаев әпкесінің үйіне жіберілген, бірақ қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатқан шақта ел ішінде еркін жүруіне және шетелге шығуына тыйым салынған.

Өзбекстанның құқық қорғау органдары 47 жастағы тәуелсіз журналистке нақты қандай айып тағып отырғанын хабарламады.

Өзбекстанның кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, Абдуллаев әлеуметтік желіде Мирзияевты сынаған жазбаларға қатысы бар болуы мүмкін деген күдікке ілінген. Абдуллаев бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Абдуллаевты қамауға алған соң, "Шекарасыз тілшілер", Amnesty International, Freedom House, Human Rights Watch және көптеген өзге құқық қорғау ұйымдары, сонымен бірге АҚШ мемлекеттік департаменті де Қырғызстаннан оны босатуды сұраған болатын.

Бабамұрат Абдуллаевтың үстінен алғаш рет іс қозғалып отырған жоқ. 2017 жылы қыркүйек айында Ташкентте Абдуллаевты ұстаған арнайы қызмет өкілдері оны "интернетте лақап атпен Өзбекстанның конституциялық құрылымын құлатуға бағытталған жазба жариялады" деп айыптаған еді. Абдуллаев интернетте лақап атпен жазба жазатынын растағанмен күш қолдануға шақыратын пост жазбағанын айтқан. Сот оны 1,5 жыл қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеп, сот залынан босатқан.

Халықаралық ұйымдар блогердің бостандыққа шығуын жылы қарсы алған.

XS
SM
MD
LG