Ссылки доступа

Нью-Йорк соты тәжіктің "Агроинвестбанк" банкінен 24,5 млн доллар өндіру туралы шешім шығарды


Нью-Йорк федералды соты тәжіктің "Агроинвестбанк" банкінен "Супер Перфект Инвестмент ЛТД" компаниясының пайдасына 24,5 млн доллар өндіру туралы шешім шығарды.

Сот шешімі 25 тамызда шыққан. Оның көшірмесі Азаттықтың тәжік қызметіне 8 қыркүйекте түсті.

Law360.com құқықтық порталы Нью-Йорк федералды сотының судьясы Джесси Фурманның сөздеріне сілтеме жасап, "Агроинвестбанкке" 17 тамызға дейін өзінің ұстанымын сотқа жеткізуге мүмкіндік берілгенін жазады.

"Белгіленген уақытқа дейін жауап беруші тарап шағымданушыға ешқандай жауап бермеді, сол себептен сот гонконгтік компанияның пайдасына шешім шығарды", - дейді Фурман. Бұл компания аустриялық кәсіпкер Алоис Шёнбергерге (Alois Schönberger) тиесілі, бірақ Гонконгте тіркелген.

Шёнбергер осыған дейін Швейцарияның Арбитраж сотында жеңіске жеткен: ол кезде сот "Агроинвестбанктен" компания пайдасына 19 млн доллар өндіру туралы шешім шығарған.

Тәжікстанның экономикалық соты бұл шешімді мойындамады. Шёнбергер мен оның адвокаттары "Агроинвестбанктің" америкалық Сити-банкте ("Citibank US") есепшоты бар екенін анықтап, Нью-йорк сотына арызданған.

Заңгердің сөзінше, сот шешіміне сәйкес "Агроинвестбанктің" City Bank of America-дағы есепшоты бұғатталып, ондағы қаржы Super Perfect Investment Ltd фирмасына аударылуы мүмкін.

Әзірге "Агроинвестбанктің" америкалық банктегі есепшотында қанша қаражат бар екені белгісіз.

Шёнбергер Тәжікстан үкіметіне қарсы Инвестициялық жанжалдарды шешу бойынша халықаралық орталыққа да шағымданған. "Агроинвестбанктің" акцияларының көбі мемлекеттік болғандықтан, оның шетелге қарыздарынан құтылу үшін жауапты тәжік үкіметі болады.

Super Perfect Investment Ltd фирмасының шығымында 2013 жылы аустриялық кәсіпкер 20 мың тонна мақта сатып алу бойынша "Леваканд-М" тәжік компаниясымен келісім түзіп, коммерциялық келісімнің кепіл банк ретінде "Агроинвестбанк" таңдалған. Келісімге сәйкес, міндеттемелер атқарылмаса, "Агроинвестбанк" 11 миллион доллар төлеп беруі керек болған. 2013 жылы Super Perfect Investment Ltd тәжік компаниясының есебіне 5 млн 367 мың доллар аударған. Бірақ "Леваканд-М" мақта жіберген емес. Бір жылдан кейін аустриялық кәсіпкер кепіл банк "Агроинвестбанктен" 11 миллион доллар төлеп беруін талап еткен.

2015 жылдан бері дағдарысты бастан өткеріп жатқан "Агроинвестбанк" салымшылардың депозиттері бойынша 730 миллион сомониден астам қарызын төлей алмай келеді.

XS
SM
MD
LG