Ссылки доступа

Die Zeit: Навальныйға "Новичоктан" да қауіпті у берілген


Алексей Навальныйға "Новичоктан" да қауіпті у берілген деп мәлімдеді Die Zeit басылымы сенімді дереккөзіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, жаңа у арнайы қызмет зертханасынан басқа жерде әзірленуі мүмкін емес, сондықтан бұл операцияны ресейлік ФСБ қызметі жасауы мүмкін.

Die Zeit келтірген мәліметке сүйенсек, неміс билігі саясаткерді аңдып жүрген агенттердің бірі Навальный шәй ішкен кесеге у шашуы мүмкін деп болжайды. У қалдығы саясаткер су ішкен бөтелкенің аузында және қолында қалған.

Қылмыс жасаушылардың жоспары бойынша, Навальный Томскіден Мәскеуге бара жатқан ұшақта қайтыс болуы тиіс болған. Ол ұшқыштың бірден ұшақты жерге қондырып, жәдел жәрдем шақырып, атропин дәрісін еккеннен аман қалды деп жазады басылым.

Die Zeit басылымы Навальныйды арнайы қызмет өкілдерінің үнемі аңдығанын атап өткен. "Саясаткердің көзін жоюға тек Кремль тапсырма берді деп айтуға негіз бар" деп жазады басылым.

Ресей президенті Владимир Путиннің қарсыласы, жемқорлыққа қарсы науқан жүргізген 44 жастағы Алексей Навальный 20 тамызда Томскіден Мәскеуге бара жатқан ұшақтың ішінде есінен талып, артынан комаға түскен.

Навальный ұшаққа отырмас бұрын Томск әуежайында бір кесе қара шай ішкен. Оның жақтастары сол шайға у қосылған деп санайды. Ал оны Омбыда емдеген дәрігерлер бұған дейін зат алмасу процесінің бұзылғанын, ағзасынан қауіпті зат табылмады деп хабарлаған болатын.

24 тамызда Навальныйды емдеп жатқан Берлиндегі “Шарите” ауруханасы саясаткердің ағзасынан ингибитор холинэстераз тобына жататын улы заттар табылғанын хабарлаған болатын. Бұл топқа “Новичок” уы да кіреді, 2018 жылы Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль да дәл осы заттан уланған болатын.

Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден түсініктеме талап етіп, Канада, Франция, Ұлыбритания және өзге елдер "саясаткерге у беруді" айыптап, оқиғаны ашық зерттеуге шақырған.

XS
SM
MD
LG