Ташкенттің ішкі істер басқармасы әлеуметтік желіде тараған видеоны тексерген.
"Видео 9 қыркүйекте Ташкент облысының Ташкент ауданында түсірілген. 29 жастағы Ахмаджон Т. үйінің ауласына үйлену тойын жасаған. Оған қырықтан астам адам жиналған", - деп хабарлады басқарма.
Соған байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, жас жұбайларға шамамен 430 доллар көлемінде айыппұл салынды.
Өткен аптада Коронавируспен күрес жөніндегі штаб өкілі Рустам Икрамов үйлену тойына 30-дан артық адам шақырмау тәртібі қыркүйекте өзгермейтінін хабарлаған.
Еске салайық, Өзбекстанда 15 тамызда карантин тәртібі жұмсара бастады. Үйлену тойын 30 адамға жасауға рұқсат берілді. Тойды үй ауласында ұйымдастырып, тазалық ережесі сақталуы тиіс.