Ссылки доступа

Тәжікстанда оқушы қыз президент кортежін тоқтатып, өзі жазған хатты берген


Пенжикент қаласындағы мектептердің бірінің 10 сынып оқушысы Хосият жұмыс сапарымен аймаққа барған Эмомали Рахмонның кортежін тоқтатып, өзінің жазған хатын тапсырған.

Әдетте азаматтардың мемлекет басшысымен кездесуі алдын ала келісіледі, мұндай жағдай сирек болады. Сенбіде Эмомали Рахмон Пенжикентте Саразмның 5500 жылдығын атап өтуге келген.

Қаланың жас тұрғыны Хосият Олишова 12 қыркүйек күні таңертең қаланың орталық көшесінде үкімет кортежі кетіп бара жатқанын көрген. Көліктер бесқабатты "Саразм Плаза" ғимараты алдына тоқтаған. Сол кезде қыз барып "президент қайсы көлікте?" деп сұраған.

Куәгерлердің айтуынша, президенттің күзетшілері оны тоқтатуға әрекет жасаған, бірақ президент қыз келсін деген белгі берген. Хосият хат беріп, оны Пенжикент қаласы әкімшілігіне шақырған.

Президенттің баспасөз хатшысы Абдуфаттох Шарифзода мұндай оқиға болғанын растады. Ақпаратқа қарағанда, президент қыз жетім екенін айтып, оның мәселесін шешуді тапсырған.

Пенжикент қаласындағы №74 мектеп директоры Максуда Ахророваның айтуынша, қыз хатында анасымен пәтер жалдап тұратынын айтып, әкесі үш ай бұрын қайтыс болғанын, үйсіз-күйсіз қалғанын жеткізген. "Хосият – мектепте жақсы оқиды, белсенді оқушылардың бірі", - деген директор.

Пенжикент қаласы әкімшілігінің өкілі Хосиятпен сөйлесіп, оның отбасына бюджеттен 10 мың сомони (1000 доллар) бөлінгенін және азық-түлік берілгенін жеткізді.

XS
SM
MD
LG