Ссылки доступа

Путин мен Лукашенко Беларусьте наразылық басталғалы бері алғаш рет бетпе-бет кездеседі


Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті Александр Лукашенко 14 қыркүйекте Сочиде кездеседі.

Екі ел басшысы Беларусьте президент отставкасын талап еткен наразылық басталғаннан бері алғаш рет бетпе-бет кездесейін деп отыр. Кремльдің ресми хатшысы Дмитрий Песковтің айтуынша, кездесу Сочиде өтеді.

Бұған дейін Кремльдің баспасөз хатшысы кездесу барысында қандай да бір құжаттарға қол қойылмайды деп айтқан. Лукашенконы "сайлаудағы жеңісімен" бірінші болып құттықтағандардың бірі Путин осыған дейін Минскінің өтінішімен Беларуське "қажет кезде көмектесу үшін" күштік құрылым өкілдерінен резерв жасақтағанын айтқан еді. Путин сол кезде "біз оны жағдай бақылаудан шыққан жағдайда ғана қолданамыз деп келістік. Саяси ұрандарды желеу еткен экстремистік элементтер шектен шығып, қарақшылық жасаса, көліктер мен үйлер, банктерді өртеп, әкімшілік ғимараттарды бүлдірсе ғана резерв көмегіне жүгінеміз"деген еді.

9 тамызда өткен президент сайлауының жеңімпазы Александр Лукашенко деп жарияланғаннан кейін елде үздіксіз наразылық шаралары өтіп келеді. Сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайтын наразылар Лукашенко отставкасын және демократия талаптарына сәйкес сайлау өткізуді талап етіп отыр.

Наразылық кезінде мыңдаған адам ұсталған, жүздеген адам соққыға жығылған. Батыс елдері милицияның наразыларға күш қолдануын айыптаған. Оппозиция жетекшілерінің бірі, президент сайлауында Лукашенконың басты қарсыласы болған Светлана Тихановская сайлаушылардың кемінде 60 пайыз дауыс алғанын айтып отыр. Қазір Латвияда жүрген Тихановскаяның жақтастары билік оны елден қысыммен шығарып жіберді дейді.

Ұлыбритания, Еуроодақ елдері Беларусьтегі президент сайлауының қорытындысын мойындамаған. АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Стивен Биган 11 қыркүйекте АҚШ Лукашенконы заңды сайланған президент деп санамайды деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG