Ссылки доступа

Қырғызстан арнайы қызметінің өкілдері Кой-Таш оқиғасы бойынша сотта куәлік етеді


Бішкек қаласы 1-май аудандық сотында Кой-Таш оқиғасына қатысты іс бойынша сот отырысында арнайы қызметтің "Альфа" жасағының қызметкерлері куәлік етеді.

Адвокат Замир Жоошевтың "Азаттыкқа" хабарлауынша, сотқа арнайы жасақтың 54 өкілі куәгер ретінде қатысады.

"Айыптаушы тараптың 400-ге тарта куәгері бар. Олар ҰҚМК өкілдерінен соң сөйлейді", - деді Жоошев.

11 қыркүйектегі сот отырысында судья Марат Сыдыков істің сотта қаралу мерзімін 11 қарашаға дейін созды.

Өткен жылы 7-8 тамызда Кой-Таш ауылында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті "бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп жеткізу" шарасын өткізді. Сол кезде арнайы жасақтың бір қызметкері қаза тауып, 200-ден астам адам жараланды.

ІІМ Тергеу басұармасы 19 адамға, соның ішінде Атамбаевқа айып тақты. 14 адамның ісі сотқа өтті. Тергеумен бірге жұмыс істеуге келіскен бес адамның ісі жеке өндіріске алынды.

Ісі сотта қаралып жатқан Алмазбек Атамбаев қазір ҰҚМК-нің тергеу абақтысында отыр. Парламент депутаты Ирина Карамушкина мен Әсел Кодуранова, сонымен бірге Қырғызстан социал-демократиялық партиясының ресми өкілі Құндыз Жолдубаева үйқамаққа алынды.

Кой-Таштағы оқиға бойынша "Кісі өлтіру", "Кісі өлтіруге талпыну", "Кісіні кепілге алу", "Жаппай тәртіпсіздік", "Бұзақылық", "Билік өкіліне күш көрсету" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілер, соның ішінде Алмазбек Атамбаев тағылған айыптарды жоққа шығарды.

XS
SM
MD
LG