Ссылки доступа

Самарқанда ЮНЕСКО қорғауындағы тарихи ғимарат сүрілді (видео)


Самарқанда ЮНЕСКО қорғауындағы ғимаратты сүру сәті, 11 қыркүйек, 2020 жыл.

11 қыркүйекте Самарқанд қаласында 2010 жылға дейін тарихи жәдігер ретінде мемлекет қорғауында болып келген ғимарат сүрілді.

Қала әкімдігінің аты-жөнін білдіргісі келмеген қызметкері ғимаратты Мәжбүрлеп атқару бюросы сырттай шығарған шешім негізінде бұзғанын жеткізді.

Оның айтуынша, ғимараттың тез арада сүрілуі ел президенті Шавкат Мирзияевтің Самарқандқа сапарына байланысты.

– Мемлекет басшысы 2018 жылдан бері салынып жатқан Самарқанд медициналық институтының жаңа оқу ғимаратына баруы мүмкін. Ол көптеген жылдар бойы тарихи жәдігер қатарында болып келген ғимараттың жанында орналасқан. Облыс әкімдігі президент жаңа құрылыс жанындағы ескі ғимаратты көріп, ашуланбасын деп оны бұзуға бұйрық берді, - деді әкімдік қызметкері.

Мәдени мұраға кірген нысандарды қорғау бойынша мемлекеттік инспекция өкілі қаланың бұл тарихи бөлігінде жайғасқан ЮНЕСКО тізіміндегі ғимаратты бұзу — "Мәдени мұраға кірген нысандарды қорғау туралы" заңға қарсы келетінін жеткізді.

2019 жылы қазанда елдің мәдениет министрінің орынбасары қатысқан жиында Самарқандағы бұл ғимарат "тарихи қор ғимараты" деп табылып, оны сақтап қалуға шешім қабылданған.

Ғимарат қожайыны Илон Волова Израильде тұратындықтан, коронавирус пандемиясынан сотқа келе алмай қалған. Сот ғимаратты бұзу туралы шешімді сырттай шығарған. Волованың адвокаты Максуд Абдужаббаровқа сотқа қатысуға рұқсат бермеген.

– Біз сот шешіміне наразы болып, облыстық сотқа дейін арыз жазғанбыз. Іс 8 қыркүйекте Самарқанд облыстық сотында қаралмақ. Бірақ ол күні маған белгісіз себептермен өтініштің қалалық сотқа қайтарылғанын білдім. Заңға сәйкес, апелляциялық іс қаралып бітпейінше, ғимарат бұзылмауы керек, - дейді Абдужаббаров.

Самарқанд қалалық әкімдігі ғимарат иесіне өтемақы ретінде 640 миллион сум (62 250 мың доллар) бөліп беру туралы шешім шығарған.

Бұзылған ғимарат 1904 жылы елде "Николаевский" деп аталып кеткен қышпен салынған. Оның иесінің айтуынша, кезінде бұл ғимаратта қаланың ең алғашқы рессорлы кареталар желісінің басшысы тұрған.

Самарқандтың 2001 жылы ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи бөлігіне жайғасқан ғимаратты бұзу туралы құжатқа қала басшысы Бобурмирзо Облакулов былтыр 28 қазанда қол қойған.

XS
SM
MD
LG