Ссылки доступа

Сот Әлнұр Ильяшевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


15 қыркүйекте Алматы қалалық соты "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп айыпталып, үш жылға бас бостандығы шектелген алматылық белсенді Әлнұр Ильяшевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы Vlast сайты хабарлады.

"Сот алқасы сіздің әрекетіңізде тағылған айыптың құрамы бар, кінәңіз айғақ ретінде жинақталған іс материалдарымен дәлелденген деген қорытындыға келді. Сол кездегі коронавирус ахуалын ескерсек, адамдар байбалам салып жатқан шақта жазбаларыңыз әрине, теріс ықпал еткен. Сол себепті сіздің кінәңіз бар деген қорытындыға келдік. Бұған қоса, әрі қарай да күресе беремін деген ұстанымыңызды да ескердік. Сондықтан егер жоғарғы сот және халықаралық ұйымдарға жазсаңыз да ренжімейміз. Одан не шығатынын көрелік" деді судья Бектемірова.

Vlast-тың жазуынша, Ильяшев "Назарбаев режимімен күреске үлес қосқаныңыз үшін сізге алғыс айтсам бола ма?" деген сұраққа судья "бұл сіздің құқығыңыз" деп жауап берген. Ильяшев "алдағы сайлау қарсаңында биліктің осы сияқты ақымақ тірліктері азаматтық қоғамді тірілтіп, оянуына ықпал етеді" деп айтқан.

Сот үкімі шықпай тұрып, қорғау тарабының куәгерлері: Әсем Жәпішева, Аида Әлжанова, Әсет Наурызбаев сұралған. Олар Ильяшев жазбаларында "тәртіпсіздікке шақыратындай" ұрандар болмағанын, белсендінің заңға қайшы әрекет жасамағанын айтқан.

Үкім шығарған сот алқасының құрамына Бектемірова, Сәкенова және Қияқова кірген. Айыптау жақтан прокурор Молдашев қатысқан. Сотта Ильшевтің құқығын үш адвокат: Тайыр Назханов, Виталий Воронов және Нұрлан Рақымов қорғаған.

Бірінші инстанциядағы сот 42 жастағы белсенді Әлнұр Ильяшевті Қылмыстық кодекстің "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айыпты деп тауып, бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат түзеу жұмысын атқаруға міндеттейтін және қоғамдық қызметпен айналысуын бес жылға тыятын үкім шығарған еді.

Қылмыстық іске түрткі болған Facebook жазбаларында белсенді "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсендінің азаматтық құқығын бұзбауға шақырып, үкімнің күшін жоюға үндеген еді.

XS
SM
MD
LG