9 қыркүйек күні таңертең ОМОН қызметкерлері маскамен тәжік мигранттары тұратын жатақханаға басып кіріп, оларды ұра бастаған. Озоди радиосының редакциясына (Азаттықтың тәжік қызметі) жіберілген видеода оларды резіңке шоқпармен ұрып жатқанын көруге болады.
Соққыға жығылған тәжік мигранттарының бірі Насим Джобиров күш өкілдерінің таңғы 5-те бөлмелеріне кіріп келгенін айтады.
Оның айтуынша, полиция өкілдері бөлмеден есірткі іздеген. Ешнәрсе таппаған соң, босатқан. Бірақ мигранттардың жинаған ақшасы жоғалып кеткен.
Щербинка аудандық ішкі істер басқармасы бұл оқиғадан хабарсыз екенін айтады. "Тек зардап шеккен адамдардан өтініш түссе ғана, бұл оқиғаны қараймыз. Ал азаптау көрінісі бар ешқандай видео көрмедік", - дейді кезекші офицер.
Ресейдегі Тәжікстан елшілігі де жағдайды білмейтінін хабарлады.
Ал мигранттардың өздері елден депортациялайды деп қорқып, тіс жармаған.
Халықаралық қаржы ұйымдарының зерттеуінше, Тәжікстанда тұратын әрбір төртінші отбасы шетелде жұмыс істейтін туыстарының есебінен күн көреді. Ресей билігінің мәліметі бойынша, елінде 1 млн-нан астам тәжік азаматы бар.