Ссылки доступа

Кабири: "Егер Тәжікстанда болсақ, біз де сайлауға бойкот жариялар едік" (видео)


Мухиддин Кабири

Тәжікстан Ұлттық альянстың және Тәжікстанда тыйым салынған Исламның қайта жаңғыруы партиясының төрағасы Мухиддин Кабири 16 қыркүйекте Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азияны зерттеу бағдарламасы аясында сөз сөйледі.

Ол Тәжікстандағы коронавирус пандемиясы кезіндегі экономикалық және саяси ахуалды баяндады. Сонымен бірге президент сайлауы алдындағы кампанияны сынға алды.

Зерттеуші Себастьян Пейруздың "елде болған жағдайда сайлауға қатысар ма едіңіз" деген сұраққа, "егер біз қазір Тәжікстанда болсақ, сайлауға бойкот жариялаушы едік" деп жауап берді.

Ислам партиясының лидері президенттік сайлауға үміткерлер арасында оппозициялық лидерлер жоқ екенін атап өтті.

Тәжікстан билігі болса, 11 қазанда өтетін президент сайлауы заңның үстемдік құруы мен демократиялық ұстанымдар негізінде өтетінін мәлімдеп келеді.

Тәжікстанның орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына 5 үміткерді тіркеді. Оның арасында қазіргі мемлекет басшысы Эмомали Рахмон да бар.

Тәжікстандағы жалғыз оппозициялық Социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялады.

Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1994 жылдан бері басқарып келеді.

Кабири болса 2015 жылдан бері Еуропада босқын есебінде қашып жүр. Тәжікстанда оны ұзақ мерзімге сырттай соттаған.

Тәжік билігі Кабириді 2015 жылы бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасарымен бірге елде төңкеріс жасамақ болды деп айыптаған. Кабири болса, бұл айыптауларды теріске шығарады.

Әлеуметтік желі қолданушылардың айтуынша, Кабири тікелей эфирде сөйлеген кезде, Тәжікстанда интернет өшіп қалған.

XS
SM
MD
LG