Ссылки доступа

АҚШ Иранға қарсы БҰҰ санкцияларын қайта енгізбек


АҚШ біржақты қадам жасап, БҰҰ-ның Иранға қарсы санкцияларын қайта енгізетінін мәлімдеді. Вашингтонның ең жақын одақтастары саналатын Еуропа елдері бұл шешімге қарсылық білдірген.

Елдің мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 19 қыркүйек күні АҚШ-тың Иранға қарсы бағытталған БҰҰ санкцияларын қалпына келтіретінін мәлімдеді.

"БҰҰ-ға мүше елдер осы санкцияларды енгізу бойынша міндеттерін орындауға дайын болмаса, Америка Құрама Штаттары өз құзыреті шегінде бұл кемшіліктің орнын толтырып, Иранның БҰҰ деңгейінде тыйым салынған әрекеттен пайда көруіне жол бермеуге әзір" деді Помпео мәлімдемесінде.

"Жақын күндері Америка Құрама Штаттары БҰҰ санкцияларын және құқық бұзушылардың жауаптылығын күшейтетін қосымша шаралар жиынтығын жариялайды" деп қосты мемлекеттік хатшы.

Бұл қадамға жауап ретінде Иран билігі 20 қыркүйек күні әлем елдерін Вашингтонның "қисынсыз әрекеттеріне" қарсы бірігуге шақырды.

"Біз халықаралық қауымдастықтан және әлемдегі барлық елден Ақ үйдегі режимнің мына қисынсыз әрекеттеріне қарсы тұруды, бір ұстаным білдіруді күтеміз" деді Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Саид Хатибзаде Тегерандағы баспасөз мәслихатында.

2015 жылы Иран БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесімен және Германиямен ("5+1" тобы) ядролық келісім жасасқан. Келісім аясында Иран МАГАТЭ инспекторларын ядролық реакторларына кіргізіп, ядролық қару жасап жатпағанын растайды, қайтарым ретінде Тегеранның бейбіт мақсаттардағы ядролық бағдарламасын жүргізу құқығы мойындалады. Келісім бойынша Иранға қарсы енгізілген санкциялар біртіндеп алынуы керек болған.

2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп келісімнен шығатынын мәлімдеп, оған жауап ретінде Иран 2019 келісімнің кей шарттарын орындаудан бас тартты.

АҚШ-тың жаңа қадамы БҰҰ елдері арасында дау тудырып отыр. Бұл дауда Вашингтон оқшау қалды. Иран да, 2015 жылғы келісімге қол қойған елдер де Ақ үй шешіміне қарсы.

Иран БҰҰ санкциясын ұзартылатын болса, 2015 жылғы келісімнен толықтай шығатынын ескертіп, ядролық қаруды таратпау жөніндегі өзге келісімдерден шығуы мүмкін екенін меңзеді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2006 жылы Иранға қарсы қару-жарақ эмбаргосын енгізген. Ол бойынша, Иранға қару-жарақ, әскери технология экспорттауға тыйым салған. Бір жылдан кейін қару-жарақты Ираннан импорттауға тыйым салынды.

Қару-жарақ эмбаргосының күші 18 қазанда бітеді. АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде эмбарго ұзартуды ұсынды, бірақ кеңес мүшелері қарсы шығып, №2231 резолюцияның шартын ұстанатынын мәлімдеді.

№2231 резолюцияның шарты бойынша, Қауіпсіздік кеңесі 30 күн ішінде санкциядан босататын жаңа резолюция қабылдамаса, бастапқы санкциялар автоматты түрде күшіне енеді.

Британия, Франция және Германия Иранға қарсы қару-жарақ эмбаргосының аяқталатынына алаңдайтынын, бірақ АҚШ-тың эмбаргоны ұзарту туралы бастамасын қолдамайтынын мәлімдеді. Аталмыш елдер эмбаргоның ұзартылуы келісімнің түбіне жетіп, Қауіпсіздік кеңестің күшін жоққа шығарады деді.

Бірақ АҚШ-тың Еуропадағы одақтастары да, Иран да асығыс қадам жасауға асықпайтын көрінеді. Олар күзгі сайлауда бұрынғы вице-президент Джо Байден жеңіске жетіп қалуы мүмкін деп отыр.

XS
SM
MD
LG