Ссылки доступа

Журналист Далер Шарифовты шартты мерзімінен бұрын босатпады


Далер Шарифов

Тәжікстан соты діни араздықты қоздырды деген айыппен қамауда отырған журналист Далер Шарифовты мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығарудан бас тартты. Бұл мәліметті елдің әділет министрлігіне қарайтын жазаны атқару басқармасы растады.

Журналистің әкесі Абдуманнон Шарифов өткен айда ұлының денсаулығы нашарлап кеткеніне байланысты оны мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығаруға өтініш жазғанын жеткізген. Оның айтуынша, шілде басында ұлын жалпы қоныстану мекемесіне ауыстыру керек болған.

Биыл сәуір айында Душанбенің Шохмансур аудандық соты Далер Шарифовты бір жылға жалпы қоныстану мекемесіне кескен.

Журналист биыл жылдың басында Тәжікстандағы парламент сайлауы алдында қамауға алынған. Оған қарсы діни араздық туғызды, елде тыйым салынған "Мұсылман ағайындар" қозғалысы атынан "үгіт жүргізді" деген айыптар тағылған. Шарифов кінәсін мойындамады.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы тәжік билігін Далер Шарифовты тез арада түрмеден босатуға шақырып, оған тағылған айып ақылға сыймайды деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG