Ссылки доступа

Араван ауданындағы жаппай төбелестен соң жергілікті милиция басшысы қызметтен алынды


Қырғызстанда Араван аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етпегені үшін қызметтен алынды. Бұл туралы Ішкі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жүргізу науқаны кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау маңызды екенін ескертті. Партиялар сайлаушылармен кездесетін уақытты құқық қорғау органдарына ескертуі тиіс.

Ош облысын Араван ауданындағы оқиға бойынша сотқа дейінгі өндіріс жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігі кінәлілерді жазалауға уәде берді.

Бұның алдында премьер-министр Кубатбек Боронов Араван ауданында екі саяси партияның жақтастары арасында болған жанжалды тексеруді ішкі істер министрлігіне тапсырған.

20 қыркүйекте Араван ауданында "Мекеним Кыргызстан" партиясының парламенттегі депутаттары сайлаушылармен кездесті. Жүздесу кезінде жаппай төбелес болды. Ош облысының ішкі істер департаменті төбелеске жүзге жуық адам қатысқанын хабарлады. 10 адам милиция бөліміне жеткізілді. Милиция мәліметі бойынша, 12 адам ауруханаға түсті. Бес автокөлік бұзылды. Материалдық шығын есептеліп жатыр.

Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында тараған мәліметке қарағанда, "Мекеним Кыргызстан" мен "Биримдик" партияларының жақтастары арасныда төбелес болған. Алайда мұндай мәліметті партиялар растамады. "Мекеним Кыргызстан" партиясы сайлаушылармен кездесу кезінде бір топ адам арандатушылық жасады деп хабарлады. "Биримдик" партиясы болса арандатушылар заңмен жазалансын деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG