Ссылки доступа

Брюссельде Лукашенко режиміне қарсы санкция салуда ортақ келісімге келе алмады


Светлана Тихановская мен Жозеп Боррель ЕО сыртқы істер министрлерімен ресми емес таңғы астағы кездесуде, Брюссель, 21 қыркүйек, 2020 жыл.
Светлана Тихановская мен Жозеп Боррель ЕО сыртқы істер министрлерімен ресми емес таңғы астағы кездесуде, Брюссель, 21 қыркүйек, 2020 жыл.

Еуропалық одақтың сыртқы істер министрлері Беларусьтың ресми шенеуніктеріне қарсы президент сайлауы нәтижесіне қарсы шыққан халыққа күш қолданғаны үшін санкция салуда ортақ шешімге келе алмады.

Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель сыртқы істер министрлері кездесуінің қорытындысы жайында Кипр ұстанымы Александр Лукашенко режиміне қарсы санкция салуға кедергі болды деп мәлімдеді.

Баспасөз мәслихаты кезінде Боррель Еуропалық одақ Беларусь халқымен бірге екенін жеткізген. Еуропа дипломаттарының басшысы біздің жоспар Беларусьтің ішкі ісіне араласу емес, бірақ Еуроодақ билік пен халық арасында диалог орнатуға септігін тигізгісі келеді деді.

Халықаралық француз радиосының хабарлауынша, Боррель сөзінде ЕО Беларусьтағы президент сайлауының нәтижесін және Александр Лукашенконың заңды мемлекет басшысы екенін мойындамайды деген.

Санкция салу мақұлданбаса да, ЕО сыртқы істер министрлері Минскіге қарсы санкция қажет екенін бірауыздан қолдады деп хабарлайды "Неміс толқыны".

ТАСС және AFP агенттіктері санкция салуға Кипр ұстанымы кедергі болды деп жазады.

Бұл жайында Латвия сыртқы істер министрі Эдгар Ринкевич твиттер парақшасына жазды.

"Өкінішке қарай, бүгін біз адам құқықтарын бұзғаны үшін санкция салуға бір шешімге келе алмадық. Бір ғана мүше ел кедергі келтірді. Бұл жақсы сигнал емес", – деп жазды ол.

Санкцияға қатысты нақты шешім 24 қыркүйекте басталатын Еуропалық одақ саммитінде қаралады.

XS
SM
MD
LG