Ссылки доступа

Өзбекстан Ресейдің коронавирусқа қарсы вакцинасын бірлесіп сынауға қызығушылық білдіріп отыр


Өзбекстан COVID-19 вирусына қарсы Ресей өндірген вакцинаны бірлесіп сынақтан өткізуге қызығушылық білдіріп отыр. Бұл туралы Ресейдің Роспотребнадзор мекемесі мәлімдеді.

Мәліметке қарағанда, апта басында мекеме өкілдері коронавирустың жайылуына қарсы күресу, оның ішінде COVID-19-қа қарсы вакцина жасау мәселелері бойынша Өзбекстанның Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау агенттігінің қызметкерлерімен видеоконференция режимінде кездесу өткізген.

Өзбек тарабы елге Роспотребнадзордың эксперттерін жібергеніне және COVID-19-ға қарсы күреске жәрдем бергені үшін Ресейге ризашылығын білдірген.

Бұдан бөлек тараптар Өзбекстан және Ресейдегі эпидемиологиялық жағдайды талқылап, Ресейдің "Вектор" атты мемлекеттік вирусология және биотехнологиялар орталығы жасап шығарған вакцинаны сынақтан өткізу мәселесі бойынша сөйлескен.

Өзбекстан аталған вакцинаны қолдануға қызығушылық білдірген.

Коронавирусқа қарсы Ресейдің екі компонентті вакцинасы 11 тамызда сынауға алына бастағанын хабарлаған.

Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин вакцина сынаудан өткенін, жақында жаппай егуді бастайтынын мәлімдеген. Батыс елдері болса, бұл вакцинаға күдікпен қарайды.

3 қыркүйекте Өзбекстан Бейжің ресми Ташкентті COVID-19-қа қарсы қытай вакцинасын сынаудың үшінші кезеңіне қатысуға шақырғанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG