Ссылки доступа

Жазасын өтеуші Тәуірбековті түрмедегі ауруханаға ауыстырады


Петропавл қаласында жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеп жүрген 41 жастағы Жұлдызбек Тәуірбековті Павлодардағы түрме ауруханасына ауыстырады. Бұл туралы 23 қыркүйекте оның анасы Әсемгүл Жауғашева Азаттық радиосына хабарлады.

– Мен қарсы емеспін. Бірақ Жұлдызбекке түрме ауруханасы көмектесе алмайды, оның жүрегін ауыстыру керек. Күн суығанда басқа бір өңірге ауыстыру оның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін, - дейді Әсемгүл.

Оның пікірінше, Жұлдызбекті Павлодарға ауыстырғанда оның қасында дәрігер болуы тиіс.

164/3 түзеу мекемесінің басшысы, полковник Темірлан Уәлиев жазасын өтеушінің өміріне жауап екенін, сол себепті оны ауруханаға жеткізуді кейінге қалдыра алмайтынын айтты.

– Оны ауыстырғанда қасында дәрігер болады. Ал сотқа ол кез-келген жерде қатыса алады, өйткені қазір сот онлайн форматта өтіп жүр. Сол себепті біз оны бүгін кешке ауыстырамыз, - деді полковник Уәлиев.

Бұның алдында Тәуірбековтің денсаулығы күрт нашарлап кеткені мәлім болды.

Жұлдызбек Тәуірбековті 6 қаңтарда Алматының Алмалы аудандық соты жеті жылға сотталды. Оған діни радикал идеяларды таратты деген айып тағылған.

XS
SM
MD
LG