Ссылки доступа

Қазақстан Ресеймен шекарада қалған қырғыз азаматтарын еліне өткізуге рұқсат берді


Қазақстан Ресейдің Орынбор облысы мен Башқұртстан республикасымен шекарада қалған қырғыз азаматтарын еліне өткізуге рұқсат берді. Осылай деп 23 қыркүйекте Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Башқұртстанда бөгеліп қалған қырғызстандықтар Орынбор облысының Соль-Илецк қаласына жеткізіледі, осыдан кейін орыс-қазақ шекарасы арқылы Қазақстан аумағына өтіп, Қырғызстанға жол тартады.

Оларды еліне жеткізу 24-25 қыркүйекте жүзеге асады.

"Бұл акция бір реттік. Себебі, орыс-қазақ шекарасы жеке азаматтар үшін жабық. Сол себептен Қырғызстанға оралғысы келетін азаматтар Орынбор облысына жеткізетін көліктердің қызметіне жүгінбеуін сұраймыз", - деп мәлімдеді Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі.

Осыған дейін Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аумағында 3200 қырғыз азаматы өте алмай тұрғанын хабарлағанбыз. Олар далада шатыр астында жатқан.

Мамыр айынан бері Қазақстан аумағы арқылы Ресейден мыңдаған өзбек және қырғыз мигранттары еліне оралды.

XS
SM
MD
LG