Ссылки доступа

Солтүстік Қазақстанда құс тұмауы: жүз мыңнан астам қанатты қырылып қалды


Солтүстік Қазақстанда тағы жеті елді мекен құс тұмауына байланысты карантинге жабылды.

Енді Қарақамыс, Екатериновка, Архангельское, Красный Яр, Пресновка, Налобино және Белоградовка ауылдарына кіріп-шығу шектелді. Жеті ауылдың бесеуі Қызылжар ауылында орналасқан.

Осылайша, аймақта санитария блокбекеттері 18 елді мекенге қойылды.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның солтүстігінде 108 мың құс қырылған. Олар тұмаудың жоғары патогенді H5 вирусын – "құс тұмауын" жұқтырған. Қалған қанаттыларды құтқару үшін облыста жаппай егу науқаны жарияланды. Билік 75 000 вакцина жұмсалды деп есеп берді. Сонымен бірге 11 ауылға дезинфекция бөгеттері орнатылған.

"Республика құс тұмауына қарсы 108 мың вакцина бөлді. Қырылып қалған 108 мың қанаттының 94 мыңы – құс фабрикасында ұсталған", - деп хабарлады Солтүстік Қазақстанның ветеринария басқармасы.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, құс тұмауы Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарына да тарай бастаған.

Құс тұмауы вирусы адамға жұғады, бірақ адамнан адамға жұқпайды.

XS
SM
MD
LG