Ссылки доступа

Жанжалмен аты шыққан Ферғана облысының әкімі Өзбекстанның вице-премьері болды (видео)


Шухрат Ганиев.

Өзбекстан парламенті 25 қыркүйекте кезектен тыс жиналыс өткізіп, 52 жастағы Шухрат Ганиевтің кандидатурасын аграрлық және азық-түлік мәселелері бойынша премьер-министрдің орынбасары қызметіне қолдап, дауыс берді.

52 жастағы Шухрат Ганиев Ферғана облысын 2012 жылдан бері басқарды. Оның қызметтен қызметке көтерілген кезі Ислам Каримов дәуіріне тура келеді. Оның атын шығарған соңғы оқиға Сох жанжалына байланысты.

31 мамырда бұл аймақта қырғыз бен өзбек тұрғындары арасында бұлаққа таласып, жанжал шыққан. Бірнеше адам жарақат алып, біраз тұрғындардың үйі өртенген еді. Сол кезде Шухрат Ганиев Сохқа келіп, тұрғындармен дөрекі сөйлескен. Ол бұл аймақты картадан алып тастаймын деп доқ көрсеткен.

Тамыз айында ел президенті Шавкат Мирзияев кезекті жиналыста Ферғана облысының әкімін қатаң сынға алған.

"Мырза Ганиев, Рузиев, екеуің арсызсыңдар! Сендермен ешқашан үлкен істерді бітіре алмаймыз. Сендерге тапсырма беруге адам қорқады. Кітап оқымайсыңдар, президент жарлығын оқымайсыңдар!", - деп сөккен болатын.

Дегенмен бір ай өтпей, Мирзияев Ганиевті арнайы орденмен марапаттады. Одан кейін де Ганиев сақал қойғандар мен хиджаб кигендерге тиіскен.

Бірақ ферғаналық журналистердің бірі Ганиевті "кризис менеджер" деп атады.

"Ол проблемаларды заңды түрде болмаса да, әкімшілік қысым көрсету арқылы тез және эффективті түрде шеше алады. Онымен бірге бірнеше ұлт өкілдері тұратын Ферғана облысының әкімі болу өте ауыр. Бірақ салыстырмалы түрде ол қызметін жақсы атқарды", - дейді журналист.

XS
SM
MD
LG