Ссылки доступа

Таулы Қарабах жанжалында тараптар бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын хабарлады


Әзербайжан мен Таулы Қарабах аймағының өкілдері 27 қыркүйектегі атыстан бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын хабарлады.

Әзербайжан бас прокуратурасы Нафталан ауданында армян әскерлерінің оғынан бір отбасынан бес адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Оған дейін 19 адамның жараланғаны хабарланған.

Таулы Қарабах аймағының өкілдері атыстан екі бейбіт тұрғын қаза тауып, 30-дан астам адам жарақат алғанын хабарлады.

Армян билігінің хабарлауынша, 50-ден астам елдімекен, оның ішінде Степанакерт қаласы Әзербайжан дрондары мен артиллериясы шабуылының астында қалған. Ресми мәлімет бойынша, бұл аймақта 16 сарбаз қаза тауып, 100-ден астамы жараланған.

Әзербайжан парламенті жексенбі, 27 қыркүйек күні кезектен тыс отырысында елдің әскери оқиғалар болып жатқан территориясында әскери жағдай енгізу туралы шешім қабылдады.

Бакуде және кей өзге қалаларда комендант сағаты енгізілді.

Таулы Қарабах төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабах ауданы Әзербайжан ССР-і құрамына кірген, бірақ тұрғындарының көбі армян болған. 1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Арменя әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабахтың басым бөлігін бақылауына алып, өзінің қарамағына Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды да тіркеп алды. Әзербайжан бұл территорияны оккупацияланған деп атайды. 1994 жылы екі ел арасында қарулы қақтығысты тоқтату және шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ.

XS
SM
MD
LG