Ссылки доступа

Минскіде 100 мың адам Тихановскаяның "халықтық инаугурациясын" өткізді


Жексенбі, 27 қыркүйек күні Минскінің орталығында ондаған мың адам дәстүрге айналып үлгерген қарсылық акциясына шықты.

Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап еткен шерушілер акцияны сайлауға оппозиция атынан түскен Светлана Тихановскаяның "халықтық инаугурациясы" деп атады. Олар 9 тамыздағы президент сайлауында Лукашенко емес, Тихановская жеңді деп санайды.

Куәгерлердің хабарлауынша, демонстранттар колоннасы екі шақырымға созылған. Олар бірнеше сағат бойы Минскі көшесімен жүрді.

Билік жексенбі таңертеңнен бастап қала орталығына мыңдаған әскериді және полиция қызметкерін, арнайы техниканы және бірнеше бронетранспортерді жіберді. Олар Минскінің бірнеше орталық алаңын және Александр Лукашенко отырған резиденцияны қоршауға алды.

Хабарламаларға сәйкес, қара киінген, арнайы белгілері жоқ адамдар "Минск – батыр қала" стеласына келген шерушілерді ұстай бастаған. Стела оппозицияның жиналатын орны болатын.

"Халықтық инаугурация" акциялары Беларусьтің өзге қалаларында да өтіп жатыр. Nexta Telegram каналының хабарлауынша, Жодино қаласында шерушілер бірнеше көшені жауып тастаған, ал Гомельде арнайы жасақ шерушілерге көзді жасаурататын газ қолданып, резеңке оқ атқан.

Беларусьте 9 тамыздағы президент сайлауынан кейін күн сайын наразылық акциялары өтіп келеді. Шерушілер Александр Лукашенко жеңімпаз етіп көрсеткен сайлау нәтижесімен келіспейтінін, нағыз жеңімпаз ретінде Светлана Тихановскаяны көретінін айтады.

Алғашқы күндері жаппай наразылық шерулері кезінде полиция қатыгездік танытып, бейбіт шерушілерді соққыға шықты. Артынан қарсылық акцияларына одан да көп адам қатысып, наразылық ауқымы кеңейіп кетті. Шерулерді жаншу кезінде кемі төрт адам қаза тапқан, алты адам із-түссіз жоғалған. Жарақаттанғандар мен қамалғандардың нақты санын айту әзірге мүмкін болмай отыр. Бірақ әңгіме кемі мыңдаған адам жөнінде екені белгілі.

XS
SM
MD
LG