Ссылки доступа

Жээнбеков: Сайлау алдында Қырғызстанның тұрақтылығы мен дамуына қарсы күштер белсенді бола бастады


Қырғызстанда парламент сайлауы алдында елдің тұрақтылығы мен дамуына қарсы түрлі күштер жандана бастады деп мәлімдеді қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков Сочиде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесу кезінде.

Кремльдің ресми сайтының жазуынша, Жээнбеков кездесу кезінде еліндегі эпидемиялық жағдай Путиннің қолдауы арқасында тұрақталды деп мәлімдеп, алғысын жеткізген.

Ол бұл кездесуден Қырғызстан халқы көп нәрсе күтеді деп атап өткен.

"Парламент сайлауы алдында елдің тұрақтылығы мен дамуына қарсы түрлі күштер белсенді бола бастады. Олар тіптен Қырғызстанның тәуелсіздігіне де қол сұғуға бар. Олар біздің қарым-қатынасымызды да үзгісі келеді. Әрине, біз оларға жол бермейміз. Себебі, Ресей біз үшін ең маңызды әріптес. Біз ғасырлар бойы келе жатқан тарихи достықты қадірлейміз. Осы үшін сізге рақмет айтамын", - деді Жээнбеков.

Путин сөзінде Ресей ешқашан көрші елдердің ішкі ісіне араласпайтынын жеткізіп, бірақ әрқашан тұрақтылықты сақтау үшін қолдау көрсете беретінін айтып, қазіргі билікті қолдайтынын мәлімдеді.

Жээнбековтің Ресейге сапары қырғыз белсенділерінің "Биримдик" партиясының лидері Марат Аманкуловқа қарсы шығуымен тұспа-тұс келді.

Әлеуметтік желілерде Марат Аманкуловтың "30 жыл біздің тәуелсіздігіміз ойланып, ... кері қайтуды көрсетті" деген сөздері қоғам қарсылығын туғызды.

Кейін "Биримдик" партиясының баспасөз хатшысы Адилет Султаналиев бұл видео арандату үшін жасалған деп мәлімдеді.

Осыдан кейін Бішкекте Аманкуловтың мәлімдемесіне қарсы "Құл болма!" атауымен қарсылық акциясы өтті. Дәл осындай шара Ош пен Қаракөл қалаларында да өтті.

XS
SM
MD
LG