Ссылки доступа

Ердоған: Армения "тез арада" Таулы Қарабақтан кетуі керек (видео)


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Армениядан "Әзербайжанның оккупациялап алған жерінен тез арада кетуі керек" деп мәлімдеді.

"Арменияның Таулы Қарабақты оккупациялап алуымен басталған аймақтағы жанжалды тоқтатуға уақыт келді. Әзербайжанның шыдамы таусылды. Баку өз күшімен армян оккупациясына қарсылық білдіріп, нүкте қойып жатыр",- деді Ердоған.

Бои в Карабахе продолжаются вторые сутки
пожалуйста, подождите

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Армения сыртқы істер министрлігі Анкараны "Әзербайжанға әскер жіберіп жатыр" деп айыптады.

Әзербайжан мен Армения шекарасында 27 қыркүйектен бері қарулы қақтығыс болып жатыр. Екі тарап бірін бірі кінәлап жатыр.

Ереван Бакуды "Таулы Қарабаққа қол сұқты" деп айыптап, елінде әскери жағдай жариялаған. Әзербайжан болса "Армения бірінші болып шабуыл жасады" деп, "Таулы Қарабақтағы соғысты отан үшін соғыс" деп мәлімдеді.

Халықаралық қауымдастық мойындамаған Таулы Қарабақ аймағының әскер жетекшілері қақтығыстың екінші күні 15 жауынгер мерт болғанын хабарлады. Олар атыстың бірінші күнінде 16 әскер оққа ұшқанын мәлімдеген. Ресми мәлімет бойынша, Қарабақтың 31 жауынгері және екі бейбіт тұрғын қаза болған.

Армения қорғаныс министрі Арцрун Ованнисян атыс кезінде 100-ге тарта адам жараланғанын, олардың бір бөлігі Ереванға жеткізілгенін айтты.

Әзербайжан қорғаныс министрлігі 550-ден көп әскер оққа ұшқанын хабарлады. Бірақ Ереван бұл ақпаратты теріске шығарды.

Халықаралық қауымдастық тараптарды тез арада соғысты тоқтатуға, келіссөзге келуге шақырып жатыр.

Таулы Қарабақ төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабақ ауданы Әзербайжан ССР-і құрамына кірген, бірақ тұрғындарының көбі армян болған. 1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабақтың басым бөлігін бақылауына алып, өзінің қарамағына Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды да тіркеп алды. Әзербайжан бұл территорияны оккупацияланған деп атайды. 1994 жылы екі ел арасында қарулы қақтығысты тоқтату және шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ.

XS
SM
MD
LG