Ссылки доступа

Абхазиядағы өзбек мигранттары Ресей арқылы отанына қайтуға көмектесуді сұрайды (видео)


Абхазиядағы өзбек мигранттары.

Карантин кезінде Абхазияда қалып қойған өзбекстандық еңбек мигранттары отанына қайту үшін Ресей арқылы транзит ұйымдастырып беруді өтініп жатыр.

Мыңдаған жерлестері атынан Азаттықтың өзбек қызметіне қайрылған мигранттар тобы Абхазияда туристердің жоқтығынан жұмыссыз және ақшасыз қалғанын жеткізді.

"Алты айдан бері шекара жабық болғандықтан, үйге қайта алмай қалдық. Мұндағы қырғыз, тәжік және армяндар еліне кетті. Қазір біз Ресей аймағы арқылы ғана кете аламыз. Бұл мәселе бойынша Өзбекстанның Ресейдегі консулдығына телефонмен байланысуға мүмкін болмады", - деді өзін Хайрулло деп таныстырған мигранттардың бірі.

Оның айтуынша, туризммен күн көретін Абхазияда қазір экономикалық жағдай қиындап кеткен.

Абхазияда Өзбекстаннан барған ер азаматтар негізінен құрылыста, ал әйелдер мейрамханаларда жұмыс істейді.

Абхазияның мемлекеттік миграция қызметінің мәліметіне сәйкес, елде көбінде Өзбекстан, Тәжікстан және Армения азаматтары істейді. 250 мыңға тарта халқы бар бұл мемлекетте мыңнан астам өзбек азаматы бар. Кейбір мәліметтер бойынша, олардың көбі бұл елде заңсыз жұмыс істейді.

Осыған дейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы тиісті тараптарды өзбек мигранттарын еліне қайтуға жәрдем беруге шақырған.

XS
SM
MD
LG