Ссылки доступа

Тәжікстан: Оппозиция лидері Зойировқа қастандық жасалмады


Рахматилло Зойиров

Тәжікстанның ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде жарияланған Тәжікстанның Социал-демократиялық партиясының төрағасы Рахматилло Зойировқа қастандық жасалды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді.

"Ешқандай қастандық болмады. Зойировтың өзі құлап қалған, оның иті сүйрелеп шығарған", - делінген 29 қыркүйекте мекеме таратқан мәлімдемеде.

Рахматилло Зойиров ІІМ мәлімдемесі негізсіз деп, жақын уақытта арнайы мәлімдеме жасайтынын жеткізді.

Бір апта бұрын социал-демократтар лидері 22 қыркүйекте үйінің жанында белгісіз біреулер шабуыл жасап, басынан соққанын, сосын темірмен бетіне ұрғанын мәлімдеген еді.

Ал ІІМ Рахматилло Зойировтың өзі құқық қорғау органдарына шағым түсірмеді дейді.

"Ия, мен шағым түсірмедім. Не үшін? Себебі, мен ІІМ қызметкерлеріне сенбеймін. Екіншіден, дәл сол күні полицияға баратындай шамам болмады. 14 сағат бойы үйде жаттым. Сосын тек өзіме өзім келгенде ғана Facebook парақшама жарияладым", - деді Рахматилло Зойиров Озоди радиосына берген сұқбатында.

ІІМ хабарлауынша, қазір куәгерлерден жауап алып жатыр. Куәгерлердің бірі 22 жастағы оппозиционердің көршісі делінген Кобилджон Далатходжаев оқиға болған күні Зойировты есік алдында итімен қыдырып жүргенін айтқан. "Оған ешкім шабуыл жасамады. Ол маңайда бөтен ешкімді көрмедім", - деген көршісі.

Ал саясаткер болса, ондай көршіні өмірінде көрмегенін айтады. Ол қолында сот-медициналық сараптама қорытындысы бар екенін жеткізді.

Социал-демократиялық партия биыл 11 қазанда өтетін президент сайлауына бойкот жариялаған.

XS
SM
MD
LG